Атырауда адам өлімімен аяқталған оқиға: тұрғындар мәлімдеме жасады

Атырауда адам өлімімен аяқталған оқиғаға қатысты марқұмның туыстары мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олар қылмыстық істің бабы сараланып, оқиға куәгерлерін де жазаға тартуды талап етті. 

"Біздер, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы тұрғындары, осы шағымымызды бере отырып, Сіздерден төмендегі шағымымызды дұрыс қарап, осы істі ерекше бақылауға алуларыңызды сұраймыз. 2024 жылдың, 5 маусым күні Атырау қаласындағы «Дина» базарында орын алған, қоғамдық резонанс тудырған ауылдың абзал азаматы Сағынғалиев Амандық Ахметұлының қазасы дүйім жұртты дүр сілкіндірсе, марқұмның шарапатын көзі корген, болмысын беске білетін жерлестеріне екі есе ауыр соққы болып отыр.

Қу темірдің күнің білдей бір азаматтың өмірімен тендей керіп, келісімге келместен өлімші етіп сабаған күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі бойынша қозғалған істі тез арада ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 3,5,9-тармақтарымен қайта саралап, айыпталушыны қатаң жазаға тартылуын және оқиға орнында болған, жанжалды ажыратпағандарымен қоймай азаматымыздың денесін бірге сүйреп тастаған адамдардың да жазасыз қалмауын талап етеміз. Күшіне сенген күдіктінің әрекеті бейнетаспада толық жазылған. Сол жерде қасақана кісі өлтіру мақсатында ешқандай қарсылық көрсетпей тұрған адамды әбден мерттіккенше қайта- қайта ұрып, жұдырықтауы - абайсыздық емес. Сондықтан істі тез арада қасақана кісі өлтіру бабына қайта саралап, істің дұрыс тергелуін қазірден бастап бақылауға алуларыңызды талап етеміз!", - дейді олар. 

Еске салайық, 11 маусымда әлеуметтік желіде Атыраудағы базарлардың біріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған видео тараған болатын. Кадрлардан ер адамдар жанжалдасқаны байқалады. 

Оқиға қайғылы жағдаймен аяқталған.

Атырау облыстық Полиция департаменті өкілі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті УҰИ-на қамауға алынды. Жәбірленуші ауруханада алған дене жарақаттары салдарынан қаза тапты", - деп түсіндірді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!