Қарағандыда жаңа вирус тарап жатқаны рас па?

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қарағандыда жаңа вирус тарағаны туралы қауесетке пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Қазнетте Қарағандыда жұмысшылар белгісіз вирусқа шалдығып жатқаны туралы видео тарады. Видеода 15 адамның екеуі жазылғаны, тағы бесеуі ауырып жатқаны айтылады. Ролик авторы желі қолданушыларынан жақында суық тиіп ауырған немесе соған ұқсас дертке шалдыққандар бар-жоғын сұрайды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі видеоға пікір білдірді.

"Қазір Қарағанды облысы аумағында вируспен ауру тіркеліп отырған жоқ. Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ЖРВИ, COVID-19 және вирустар тудыратын басқа да инфекциялар таралуына күнделікті мониторинг жүргізеді. Вирустың таралуының негізгі жолдары - ауа тамшы және қарым-қатынас. Жаз мезгілінде ауру салқын сусындар ішу, балмұздақ жеу, кондиционердің жанында ұзақ отыру және т.б. байланысты болады. Иммунитет әлсіреп, созылмалы аурулар болған жағдайда бұл риновирустар мен аденовирустар сияқты вирустық ауруларды тудырады.

Сонымен қатар, жазда вирус тудыратын серозды менингит таралады. Сондықтан ашық су айдындарында шомылудан аулақ болу керек, көкөніс пен жемісті мұқият жуып, жеке гигиенаны сақтау, тек қайнатылған немесе тазартылған су ішу қажет", - деп жазылған ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарламасында.

Ведомство халыққа ыстықта суық тигізіп алмауға кеңес берді.

"Жөтел және температура сияқты аурудың алғашқы белгілерінде өз бетіңізше емделмеңіз, адам көп жиналатын жерлерге бармаңыздар және дереу медициналық көмекке жүгініңіз", - деп жазылған хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!