"23 мыңнан астам адамды еңбекке тарту жоспарлануда". Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындармен кеңесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы бойынша, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі жұмысар атқарылуда. Солардың бірқатарын Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Тараз қаласының тұрғындарымен кездесу барысында бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ербол Қарашөкеев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, қаланың бас жоспарына сәйкес Тараз қаласында бірқатар ауқымды нысандардың құрылысы жоспарланғанын айтты. Солардың ішінде, Тараз қаласында құрылысы 2025-2027 жылдарға жоспарланған қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метрді құрайтын кәріз кешені елеулі жобалардың бірі болмақ.

 Жамбыл облысы әкімдігі

"Қалада 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. 53 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, 11 тұрғын үйдің сәулеттік келбеті жаңартылуда. Биыл 76 көшені жарықтандыру жұмыстары басталып, 10 шағын ауданның аулалары мен подъездеріне толығымен жарық орнатылды", - дейді облыс басшысы Ербол Қарашөкеев.

Аймақ басшысы бүгінге дейін қалаға 65 жаңа автобус келгенін, жыл соңына дейін тағы 60 бірлік келетінін жеткізді. Жоспарға сәйкес, жаңадан 3 автобус бағыты ашылып, 75 жаңа аялдама орнатылады екен.

Онымен қоса жалпы ұзындығы 68,6 шаршы метрді құрайтын 118 көше мен 18 жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ 200 көшеге қиыршық тас төселмек. Облыс басшысы биыл  қала көшелері мен шағын аудандардың ішкі жолдарын күтіп ұстауға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

 Жамбыл облысы әкімдігі

"Қазіргі таңда Таразда 7 жаңа мектеп салынып жатыр, оның төртеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілмек. Жұмыспен қамту бағытында  23 мыңнан астам адамды еңбекке тарту жоспарлануда", - дейді облыс басшысы Ербол Қарашөкеев.

Жиналыс барысында облыс басшысы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әкімдік өкілдеріне нақты тапсырма берді.