"Димаштың ізімен". Тағы бір қазақстандық әнші қытайлық шоуға қатысып жатыр

Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова Қытайдағы "Singer" конкурсына қатысып жатыр. Бұл жайлы продюсер Ертай Нүсіпжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Араға 7 жыл уақыт салып "Singer" сахнасына қайта оралдық. Бұл жолы - Рухия.

4 жыл үзілістен кейін тағы да миллиондаған көрерменге жол тартқан аты әлемге әйгілі музыкалық тележоба осы жылдың мамыр айында басталды. Бұл маусымның басты ерекшелігінің бірі - жоба тікелей эфирде, Қытайда өтіп жатыр. Бағалау халықтың дауыс беруі негізінде болады.

Рухия бүгін, Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де 8-кезеңде өнер көрсетеді. "Топ жару" статусымен келген бірінші шетелдік әншіге қойылған талап бойынша, Рухия алдыңғы 7-кезеңде үздік 4-ке енген әншілердің бірін таңдап, онымен жекпе-жек сайысқа түседі. Бағалаушы барша көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша, жеңсе келесі кезеңге өтеді. Ал, жеңілсе біз үшін сайыс осы тұста аяқталады.

Қалай болғанда да бұл үлкен еңбек, артыс-тартыспен келген жеңіс. Жеңіс дейтінім үлкен сахнада тағы бір қазақ күллі әлемге өнер көрсетіп, Қазақтың атын шығарады. Бұдан асқан жеңіс бар ма, сірә!

Қуан қазақ! Қолда қазақ!", - деп жазды Ертай Нүсіпжанов инстаграм-парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін 2016 жылы "Singer" конкурсына қазақстандық әнші Димаш Құдайберген қатысып, екінші орын алған болатын. Бір қызығы, Рухия Байдүкенова да Димаш Құдайберген сияқты "Славян базары" конкурсының жеңімпазы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!