"Бар жауапкершілікті әйелге арту қанға сіңген". Алтынай Жорабаева қазақ тәрбиесіне наразылығын білдірді

Танымал әнші Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ менталитетінде бар жауапкершілік әйелге артылатынына наразылығын білдіріп, жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі қызды да, ұлды да бірдей тәрбиелеу керегін айтады.

"Неге? "Қыз сыны"
Неге? "Жігіт сұлтаны?

Әу бастан, қыз баласын сынға алып, бәрін әйел адамнан талап ету, бүкіл жауапкершілікті әйел адамға артып қоюды қанға сіңіріп, ойға түйіп тастаған сияқты ма, қалай өзі?

Қыз нәзік, қыздың жолы жіңішке, қызға қырық үйден тыйым дейді де, қыздың қырық жаны бар деп қоятынымыз қалай?

Былай қарасаң, нәзік, әлсіз деген сияқты айтып келіп, бірақ сол "әлсіз жаратылысқа" үстемдік жасап, әлсізге әлімжеттік көрсетіп, бірақ қайтадан бүкіл үйдің тірлігін, бүкіл жауапкершілікті, яғни күйеуі ішіп кетсе, құмар ойын ойнап кетсе, ішіп келіп ұрса, жүріс жүрсе, әйел үнін шығармай, көніп, бала-шағаны бағып, үйдің шаруасын жасап жүруді талап етуді қалай түсінуге болады?

Нағыз ер азаматты сыйламайтын, тапқан табысының берекесін қашырып отыратын әйелдер де бар!

Мынау еркектің, мынау әйелдің жұмысы деп бөлмей, кішкентайынан ұлды да, қызды да үй шаруасына, дала шаруасына баулып тәрбиелегенде , әйел еріне, ері әйеліне көмектесіп, түсіністікпен өмір сүріп, берекелі отбасы болады деп ойлаймын.

Менің оқырмандарымның ойы қалай екен?" - деп жазған ол.

Тағы да оқи отырыңыздар: Еуро-2024 финалы қашан өтеді?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз