Ақтөбеде ат спорты мектебіне асыл тұқымды жылқы орнына, мініс аттары сатып алынған

Ақтөбедегі ат спорты мектебіне асыл тұқымды жылқы орнына, мініс аттарын сатып алған кәсіпкер жауапқа тартылды. Ол бес жылқының құнын толық қайтаруға тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Былтыр Ақтөбедегі спорт мектебінде аудиторлық тексеріс болған. Сол кезде спорт мектебіне алынған тұлпарлардың асыл тұқымды емес, қарапайым ат екені анықталды. Кәсіпкерде оның асылтұқымды екенін дәлелдейтін құжаттары болмай шыққан.

Оқиғадан кейін спорт мектебінің басшысы да, есепшісі де қызметтен кетті. Көкпаршылар үшін қазына қаражатына сатып алынған бес жылқының құнын сот шешімімен тендерді ұтқан кәсіпкер қайтаратын болды. 

"Сотта аудиторлық есеп бойынша жауапкер жеткізген бес бас көкпар спорттық жылқылардың техникалық ерекшелік шарттарына сәйкес келмейтіні анықталды. Жауапкер осы жылқылардың асыл тұқымға жататынын дәлелдейтін құжаттарды, куәліктерді ұсынған жоқ", - деді облыстық соттың баспасөз қызметі өкілі Жансая Таирова.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!