Енді 21 жасқа толмағандар лотерея ойнай алмайды: Сенат заңды мақұлдады

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда мақұлданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заң жобасы президенттің халық арасында ойынға тәуелділікке қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.

Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, заң аясында 7 кодекске және 14 заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

  • Біріншіден, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізімін нақтылау бойынша тиісті нормалар енгізілген. Бұл тұрғыда 21 жасқа толмаған азаматтар, құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға өзіне шектеу қойғандар, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша міндеттемелері орындалмаған әрі борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдар, сондай-ақ құмар ойындарға қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған адамдар ескерілді;
  • Екіншіден, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленіп, консультациялық медициналық бақылау енгізілген;
  • Үшіншіден, ұялы байланыс операторларына электрондық казино, интернет-казино, құмар ойындар, бәс тігу жарнамасы бар мәтіндік хабарламаларды жіберуге тыйым салу қарастырылған.

Сондай-ақ лотерея билеттерін тек лотерея операторы және агенті арқылы ғана тарату жөніндегі талаптар белгіленіп отыр.

"Лотерея билеттерін тарату, өткізу орындары нақтыланды. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, ғибадат үйлерінде лотерея билеттерін таратуға әрі терминалдарын орнатуға тыйым салынды.

Ғимараттарда, көліктерде, БАҚ-та кино және анықтамалық қызмет көрсетудегі сыртқы жарнамада букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынған. Қазақстанда лицензиясыз шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстарын қызметіне тыйым салынды", - деді Әсем Рахметова.

Депутат заңда букмекерлердің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз етілетін жеткізді.

"21 жасқа толмаған адамдарға тікелей немесе сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, механикалық құрылғылар арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу көзделді. Мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан еңбек жөніндегі орталық уәкілетті органға беру ескерілген. Ал "Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заңында ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр", - деді сенатор.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!