"Қонаевта 7 гектар жер қытайлықтарға берілген": Облыстық әкімдік пікір білдірді

Алматы облысының әкімдігі Қонаевта 7.12 гектар жер қытайлықтарға берілген деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жергілікті әкімдік жағдайды түсіндірді.

"Тарқатып айтсақ, "Жібек жолы" ЖШС №8 жағажайды абаттандыру жобасын қолға алып, инвестиция құймақ ниетте. Бұл жердің көлемі 7.9 гектарды құрайды. Дәл сол жағажайдың қасындағы 7.12 аумақты алып жатқан жер, яғни, №7 жағажайдың бір бөлігі инвест жобаның құрамына кіріп отыр. Жалпы аумағы 15 га жағалау аттракциондар паркіне айналмақ.

Қазіргі таңда №7 қалалық жағажайда 40-тан астам кәсіпкер қызмет етуде. Олар дәмхана, тапшан, шатырларды мемлекеттен жалға алып отыр. Мұндағы 2 бизнес орыны аталған инвестжобаның құрамына енді. Кәсіпкерлер биылғы шомылу маусымы біткенше жұмыс істейді. Қазіргі таңда қос тарапқа оңтайлы шешім шығару бағытындағы жұмыс жүріп жатыр", - делінген хабарламада.

Қаланың бекітілген Бас жоспарына сәйкес, 9 жағажайды да абаттандыру көзделіп отыр. Биыл заманауи стильде жасалған №5 жағажай қолданысқа берілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз