"Айқай болды да, құлап түсті". Алматыда билеп жүріп терезеден құлаған қыз жайлы жаңа мәліметтер шықты

Алматыда терезенің ернеуінде билеп, кейін құлап қайтыс болған бойжеткен туралы жаңа мәліметтер белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

17 жастағы марқұм Қырғызстанда наркологиялық диспансерде есепте тұрыпты. Сол жақтан туыс әпкесімен бірге осыдан екі ай бұрын Қазақстанға келген. Көршілері оның ішімдікке әуес болғанын айтады.

"Айқай болды да, құлап түсті. Артыма қарасам, қап сияқты бірдеңке жатыр, тротуардың үстінде. Қасына келіп қарадым. Қыз бала екен. Бүк түсіп жатыр екен. Қан жайылып кеткен. Ағып жатыр, қып-қызыл болып", - дейді аула сыпырушы Әмірхан Тулақбаев.

17 жастағы марқұм Қырғызстанда наркологиялық есепте тұрған екен. Әкесі ата-ана құқығынан айырылған. Қамқоршысы ретінде туыс әпкесі танылған. Ол Қазақстанға жұмыс бабымен келмек болып, бойжеткенді өзімен ертіп әкеліпті. Жетінші қабаттағы пәтерде тұрып жатқанына екі айдан асқан.

"Кеше мен сағат тоғыздарда далаға осы жерден шыққанмын. Сол кезде бір қыз келді. Дәл сол қыз ба, байқамадым. Мына жерге келді. Боғауыз қыз екенін байқадым. Бірге түстік. Далада ары-бері жүгіріп жүрді. Шашы жайылған, қара. Арықша келген. Сол қыз-ау деп ойладым", - дейді көршісі Аделя Нұрғожина.

Қайғылы оқиға болған "Теремки" кешенінің тұрғындары марқұм қыздың "тәлтіреңдеп жүргенін" бірнеше мәрте көрген. Өзге көршілері қолына ішімдік ұстап жүргенін айтады.

Кәмелетке толмаған қыздың неге қадағалауда болмағаны мен өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі болғанын полицейлер анықтап жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!