Маңғыстау облысында алимент төлемегені үшін сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылды

Маңғыстау облысында алимент төлемегені үшін сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Маңғыстау ауданының пробация қызметі бөлімінде түрлі жазаға тартылған 30-дан астам сотталған есепте тұр. Жыл басынан бері мәжбүрлі еңбекке 10 адам тартылды.

"Сотталғандардың санаттарының бірі – балаларын асырауға алимент төлемейтін әкелер. Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алимент бойынша үш борышкер азаматтың ісі қаралды. Олардың бірі жауапкершіліктен жалтарып, кірістерін әдейі жасырған, ал екіншісі балаларды асырауға мүмкіндігі жоқ екенін түсіндірді. Сот үкімімен үшеуі де бостандықтан 1 жылға шектеліп, 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды", - деді Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.

Мысалы А. есімді сотталған балаларына алимент төлемей, кірісін жасырып, әкелік міндеттерін орындамаған. Сот тағайындаған жазаны ол тұрғылықты жері бойынша өтейді, яғни өз ауылының көшелерін тазартады. ҚАЖД-да айтылғандай, борышкерлер жұмыс істейтін орындарды жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Көбінесе бұл біліктілікті қажет етпейтін жұмыс: елді мекенді тазарту және көркейту. Өткізіліп жатқан сұхбаттарға қарамастан, ата-аналар өз балаларын асырауға алимент төлеуден жалтаруды жалғастыруда.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!