"Аузынан да әйнектер шығып жатты": куәгер Алматыдағы автобус апаты туралы айтты

Куәгерлер Алматыдағы автобус апатынан кейінгі жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы тұрғыны Алсу Дүйсенбаева оқиға болған жерге жақын маңда жұмыс істеген. Ол түскі астан кейін жұмысқа қайтып келе жатып, Мақатаев көшесіндегі аялдамаға жеткенде, қатты дауыс естіген, бұрылып қарағанда, қатты шаң байқалған.

"Жұрт оқиға болған жерге қарай жүгіре бастады. Шаң тараған кезде автобус апатқа ұшырағанын көрдім. Қалай болғанын нақты білмеймін. Шошып қалдым, мұндайды бірінші рет көруім. Халық оқиға болған жердің маңайында тұрды, бей-жай қарамағандар әйнекті сындырып, зардап шеккендерді автобустан шығара бастады. Артқы орындықтарда отырғандар көп зардап шекпеген сияқты. Қызыл футболка киген бір жігіт шығып, "анам бұл туралы білмесін" деп айқайлай бастады. Жанына барып, "көмек керек пе?" деп сұрадым. Ол жараларын таңу керегін айтты. Оған әйнек сынықтары кіріп кеткен, тіпті аузынан да әйнек сынықтары шыққан сияқты. Оған майлық, антисептик - сөмкемде бар нәрсені бердім. Кейін жедел жәрдемге қоңырау шала бастадым, бірақ қоңырауды алмады. Он минуттан кейін алғашқы жедел жәрдем көліктері келді", - деді Алсу.

Қала тұрғынының айтуынша, әріптесі жол қанға боялғанын көрген. Куәгерлер зардап шеккендерге қолдан келгенше көмектесуге тырысқан. Алсудың айтуынша, апат кезінде автобус лық толық болған.

Тағы бір куәгер бәрі автобустағы адамдарға көмекке ұмтылғанын айтты.

"Адам көп болды, автобус лық толы еді. Барлығы жараланған. Бір адам қысылып қалған. Жедел жәрдем бес минут ішінде келді", - деді куәгер.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматыда автобус дүкенге кіріп кетті деген ақпарат пайда болғаны хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!