"Өзге елдегілер қызығушылық танытты". Бес асық ойнап, 30 млн қаралым жинаған оқушы қызбен сұхбат

Бүгінде ұлттық ойын түрлерін күнде ойнамағандықтан,  халқымыздың алтын қоржынында сақталған салт-дәстүр, ойын-сауық түрлерін жете біле бермейміз. Қазақтың қыз балаларға арналған ұлттық ойындарының бірі "Бес тас" ойыны бүгінде жаңаша сипатқа ие болып, бес асық болып ойнатылып жүр. Жақында әлеуметтік желіде бес асық ойнаған оқушы қыздың видеосы көпшілік арасында қызу талқыланып, 30 млн көрсетілім жинаған болатын. Massaget.kz тілшісі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылындағы №107 орта мектептің 6-сынып оқушысы Мариям Жаңабаймен және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Шерхан Сламханұлымен сұхбаттасты.

"Ойын кезінде үндемеу керек"

Мариям Жаңабай бес асық ойыны арқылы мектептен бөлек аудандық, облыстық жарыстарда топ жарған.

@sherhanslamhanuly #казакстан🇰🇿#бесасықойыны#көкпар#футбол#финал#кызылорда#ұлттықспорт🇰🇿#мектеп ♬ Ер Тұран (Live) - Turan Ethno-Folk Ensemble

"Әлеуметтік желіде бес асық ойнаған видеом өзгелердің қызығушылық тудырғанының нәтижесінде көп қаралым жинады деп ойлаймын. Бұл ойынға өзім қызығамын. Ерекше әрі көңілді ойын. Бір қызығы ойын ойнаған кезде сөйлемей керек. Тек асықтың дыбысы ғана естілу керек. Жалпы біз қарсыласымызбен ойынға кез келген уақытта дайын жүреміз. Сол үшін қоржынымызда әрдайым он асық жүреді. Яғни, қарсыласымызға бес асық, өзіме бес асық дайындап жүреміз", - деді ол.

Үйірме ашылғаннан бастап Мариям бірден қатысуға шешім қабылдаған.

"Үйірме ашылған кезде мүлдем естімеген ойын болса да қатысып көргім келді. Кейін ұнап қалды. Бұл ойын қағылез, епті, алғыр болуына септігін тигізеді әрі жылдамдыққа баулиды. Одан бөлек қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға, топтауға үйретеді. Сонымен қатар, көздің көруін жақсартып, көз жанарын жетілдіреді. Ойын кезінде үндемеу арқылы сабырлылыққа үйренесің", - деді ол.

Ойын қандай кезеңдерден тұрады?

Мариямның ұстазы Шерхан Сламханұлының айтуынша, ойын 12 кезеңнен тұрады. 

Бірінші кезең "Бірлік" деп аталады. Мұнда ойыншы кілемге бес асықты иіріп тастайды, міндетті түрде ханды алады, (Хан асық ойынын жүргізетін негізгі асық болып есептеледі). Ойыншы ханды жоғарыға лақтырып, кілемде жатқан асықтардың бірін алып, лақтырған ханды қағуы керек. Хан қайта жоғары лақтырылып, кілемдегі шашылған асықтардың екіншісі, кейін үшінші, төртінші алынады. Ескерту: Ханды қаққан кезде алақанның сырты кілемге жанаспауы керек. Кілемнен алынған асықтар, бөлек жиналады. Екінші кезең "Екілік" деп аталады. Бес асық шашылады. Хан жоғарыға лақтырылып, кілемнен екі асық алынады да бірліктегідей лақтырылған хан қағылып алынады. Кейін тағы екеуі алынады. Кілемнен алынған асықтар бөлек жиналады. Үшінші кезең - "Үштікте" бес асық шашылады. Хан жоғарыға лақтырылып, кілемнен үш асық алынады. Хан қайта қағылады. Кілемде қалған жалғыз асық ханды жоғары лақтырып, бөлек алынады, хан қайта қағылады. Төртінші кезең "Төрттікте" ойыншы барлық бес асықты алақанда ұстайды. Хан жоғарыға лақтырылып, қалғандары бірден кілемге қойылады да лақтырылған асық қағылып алынады. Кейін хан жоғарыға лақтырылып, төртеуі жиылып алынып, лақтырылған хан қағылады.

Бесінші кезең "Жалақ" деп аталады. Барлық асықтар алақанға жиналады, хан жоғары лақтырылып, қалған төрт асықты қапсыра ұстап, сұқ саусақ үш немесе бес рет (келісім бойынша) алға немесе артқа қарай үйкеліп кілемге жалатылады, шамалап 5 см (ерсілі – қарсылы үйкеуге, кілемді нұқуға болмайды). Ханды құлатпай қағып алу керек. Алтыншы кезең - «Алақан». Асықтар кілемге шашылады, қолдың алақаны үстіне қаратылып, кілем үстіне сырт жағымен қойылады, хан жоғарыға лақтырылып, кілемдегі асықтардың біріншісі алынып, алақанға қойылады, хан қайта қағылады. Екінші, үшінші, төртінші асық та осылай ойналады, соңында ханды алақанға қоямыз. Асықтар алақанға ғана жиналады, егер білезіктің үстіне қарай асықтың тұмсығы болса да шығып кетсе қатеге есептеледі. Жетінші кезең - "Төрт бұрыш". Төрт асық шаршы бойынша (шамамен 20*20см. ересектер, 10*10cм. жасөспірімдер) қойылады. Ойыншы асығын жоғарыға лақтырып, шаршылай тігілген асықтарды бірден жинап, лақтырылған асықты қағып алуы тиіс.

Сегізінші кезең - "Алмастыру". Асықтар кілем үстіне шашылады. Хан жоғарыға лақтырылып, кілемнен бір асық аланып, лақтырылған асық қағылады. Ойыншының қолында екі асық болады. (Хан екінші қолдың көмегінсіз алға яғни саусақтарғ ауыстырылады). Ол жоғарыға лақтырылып, қолда қалған екіншісі кілемде жатқан басқа асықпен алмастырылады да лақтырылған хан қағылып алынылады. Осылайша, асықтарды алмастыра отырып, олар бір жерге жинастырылады. Соңында хан жоғары лақтырылады, қолға төрт асық жиналып алынады да хан қайта қағылады. Тоғызыншы "Үндемес кезеңінде бірліктегі әрекет қайталанады, бірақ лақтырылған асықты ұстар кезде қалғандары бір-біріне соқтығысып сартылдаған немесе т.б дауыс шығармауы керек. Оныншы "Сарт-сұрт" кезеңінде "Бірліктегі" әрекет қайталанады, бірақ лақтырылған асықты ұстар кезде, асықтар бір- біріне тиіп, оның соқтыққан сарт - сұрт дыбысы естілуі тиіс.

Он бірінші кезең - "Қаршу". Асықтар шашылады. Хан жоғарыға лақтырылады. Кілем үстінде шашылып жатқан асықтардың біреуін көтеріп, түсіп келе жатқан ханды үстінен қаршып қағу керек.Сонда қолда екі асық болады.Көтерілген асықты бөлек жинаймыз. Ханды лақтырып, қалған асықтарды бір-бірлеп теріп, түсіп келе жатқан ханды қаршып қағып отыру керек. Он екінші кезең - "Нәби". Ойыншы сол қолының бас бармағы және ортаңғы саусағының көмегімен "дарбаза" құрады, оң қолмен құрылған "дарбазаның" үстінен асыра алдыңғы жаққа асықтарды шашады.

Хан жоғарыға лақтырылады, ал қалған асықтарды бір- бірден сыдыртып "дарбазаның"» астымен қолдың арғы жағына өткізіп барып лақтырылған ханды құлатпай қағу керек, Осылайша, "дарбазаға" барлық асықтар кезекпен енгізіледі. Бұл әрекетте ереже бар: ойыншы тағы бір асық таңдайды – "ағалық" ("нәби"). Бұл ең жақыны немесе алыс асық болуы мүмкін, ол туралы ойынның бас кезінде келісіледі. Ол "дарбазаға" ең соңғы болып кіргізіледі. Бұл асықты қарсыласы таңдайды.Алдыңғы әрекеттерді аяқтаған соң, ойыншы ұпайларды жинайды.

"8-9 жастан бастап қабылдаймын"

Үйірме жетекшісі Шерхан Сламханұлы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. 7 жылдың еңбек өтілі бар мұғалім бес асық үйірмесін өткен жылы ашқан.

"Бес асық ойынын өткен оқу жылынан бастап қызығушылығым артып, үйірме аштым. Сол үйірмеде балаларды осы ойынға баулып келемін. Негізі бес асық ойынын бұрынғы аға-әпкелеріміз бала кезінде "бес тас ойыны" деп таспен ойнаған. Қазіргі таңда бұл "бес асық ойыны" деп аталады", - деді Шерхан Сламханұлы.

Оның мектепте ашқан үйірмесіне кез келген жастағы оқушылар қатыса алады.

"Үйірмеге қыз балаларды 8-9 жастан бастап қабылдаймын. Бес асық ойынына әрине, әуелі қолдың икемділігі маңызды. Содан кейін барып жылдамдық, ойлау қабілетін, зейінін тұрақтандыруға жұмыс жасаймын. Ойынға көбіне қыз балалар қызығып жатады. Қазақ халқы бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген ғой. Баланың ойынына да терең мән берген деуге болады. Ата-бабамыз бала есін біліп, тәй-тәй жүре бастағаннан, яғни ойын баласы болғаннан-ақ бес асық ойынына баули бастаған. Бұл ойында баланың саусақтарының қимылдауы арқылы адамның басқа да он екі мүшесіне қимыл жүреді. Сонымен қатар баланы жылдамдыққа, ептілікке, дәл тигізуге, тез ойлауға машықтандырып отырған",- деді ол.

"Оқушыларым республикалық жарыстарға қатысып жүр"

Ол бес асық ойынына дайындаған оқушылары республикалық жарыстарға шығып жүргенін айтты.

"Бес асық ойынына дайындап жүрген оқушыларым көп. Ешқайсысы осал емес, бәйгеге қосса, оза шабатын нағыз таланттылар. Ақтау қаласында жасөспірімдер арасында өткен жарыста екі оқушым 3-орынға ие болып, спорт шеберіне үміткер атағын қорғап келді. Мамыр айында Астана қаласында  өткен жарыста тағы бір оқушым жекелей-командалық сында қос алтынды қанжығасына салып келді", - деді ол.

 Бес асық ойынында әр асық 10 ұпаймен есептеледі.

"Жоғарыға 5 асық лақтырып, оларды алақанның сыртымен ұстап алады. Қайта жоғарыға лақтырып, оларды үстінен қаршып ұстайды. Әр асық 10 ұпаймен есептеледі. Егер ойыншы барлық 5 асықты ұстап алса, онда 50 ұпай жинайды. Егер ұпай алар кезде ойыншы 0 яғни еш ұпай ала алмаса, келесі ойнын бірліктен бастайды. Ұпай алуға екінші мүмкіндік берілмейді", - деді ол.

"Өзге елдегілер қызығушылық білдірді"

Әлеуметтік желіде 36 млн қаралым жинаған видеоны Шерхан Сламханұлы 15 қаңтарда TikTok желісіне жариялаған.

@sherhanslamhanuly #бесасық#ұлттықспорт#казакстан ♬ original sound - Бес асық №107

"Баланың ойыны мен видеодағы музыка бір-біріне сәйкес келіп, халыққа тез тарады. Сол үшін де көрермен көзайымына айналды деп ойлаймын. Әрине, бұндай қаралым жинау ешкімнің ойына кіріп-шықпасы анық. Шыны керек, мұндай нәтижені күтпедік. Осындай көп қаралым жинап, көпшіліктің ықыласына бөленеміз деген үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген. Алайда "бақ шаба ма, бап шаба ма" деген осы екен. Бұл видео тек қазақстандықтарды емес, өзге елдердің де қызығушылығын арттырды", - деді ол.

"Бес асық ойыны" үйірмесінің жетекшісі болашақта ұлттық ойынға көңіл бөлгенін қалайтынын айтты.

"Көп қаралым жинаған видеоға пікір білдірушілер тек қазақстандықтар ғана емес, түрлі мемлекетің азаматтары бұл ойынға деген қызығушылықтарын білдірді. Бес асық ойынының жетер жетістігі көп, әлемдік деңгейге көтерілетініне сенімдімін. Ұсынысым - ұлтық ойынды қолдап, дамыту қажет", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!