Ақтөбеде тубдиспансер салып біткенше, науқас азайып кеткен

Ақтөбеде тубдиспансер салып біткенше, науқас азайып кеткен
Фото: видеодан алынған кадр

Ақтөбеде құрылысы бес жыл бұрын басталған туберкулез диспансерінің ғимараты әлі аяқталған жоқ. Себебі жаңа ғимаратты салып біткенше, өңірде өкпе дертімен ауыратындар азайып кеткен. Сондықтан емдейтін науқасы жоқ нысан тұрғызу несіне қажет деп, шенеуніктердің басы қатып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бес жыл бұрын туберкулез диспансерінің қос қабатының кірпішін қалап, төбесін жартылай жауыпты. Ол үшін қазынадан жарты миллиард теңге жұмсалған. Содан кейін құрылыс мүлдем тоқтап қалды. Қазір қоршау ішіндегі ғимараттың темір қазықтары шойдиып, бетоны әр жерде үйіліп жатыр. Мамандар туберкулезбен ауратындар үшін аурухананың "түкке қажеті жоқ" дейді. Қазір бұл дертті жұқтыратындар мүлдем аз.

Ең қызығы, Ақтөбенің біраз ықшам ауданында емхана жетіспейді. Кезінде құрылысы басталып, қазір қаңырап қалған құрылысты алда кәдеге қалай жаратынын әкімдіктегілер нақты білмей отыр. 

"Қараусыз емес. Ол консервация кезеңінде тұр. Енді алдағы уақытта инфекциялық стационар болуы мүмкін, үлкен клиника ашылар деген ойдамыз. Бұл сұрақ қазір қарастырылып жатыр", - дейді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Іңкәр Қарашаева.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан