Құмар ойындарға тыйым салу туралы петиция бойынша шешім жобасы мақұлданды

Құмар ойындарға тыйым салу туралы петиция бойынша шешім жобасы мақұлданды
Фото: depositphotos.com

Жұмыс тобы мемлекеттік, әскери қызметшілерге және құқық қорғау органдарына құмар ойындарға тыйым салуды енгізу туралы петиция бойынша шешім жобасын мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2024 жылғы 25 маусымда Туризм және спорт министрлігінде мемлекеттік, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салу және бәс тігу туралы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Бұл – онлайн-петициялар институты аясындағы алғашқы мақұлданған петиция.

Іс-шараға жұмыс тобының мүшелері, қоғам белсенділері, ойын бизнесі, лотерея қызметі саласындағы мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақпетиция авторы және "Әділдік жолы" РҚБ басшысы Дидар Смағұлов қатысты.

Отырыс қатысушыларына петицияны толық қанағаттандыруға бағытталған және талқылау негізінде жасалған қорытынды жоба таныстырылды. Отырыс соңында шешім жобасын қатысушылардың басым бөлігі қолдап, мақұлдады.

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау өз сөзінде "Құмар ойындар – көптеген тағдырды, соның ішінде балалар мен жастарды құрдымға кетіріп отыр. Біз бұл мәселені шешуіміз керек. Мен петицияны және оған қатысты шешім жобасын толығымен қолдаймын" деді.

"Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар ойнауына тыйым салуы мәселесі бұрыннан талқыланды. Басынан бастап мұндай норма пайда болады деп айтылды. Депутаттар бұл бастаманы қуана-қуана қолдады", - деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Отырыс YouTube бейне порталында онлайн режімде көрсетілді. Отырыс барысында мүдделі азаматтардан пікірлер келіп түсті. Пікір жазушылардың басым бөлігі петиция мен министрліктің шешім жобасына қолдау білдірді. Әрі қарай талқылаулар онлайн өтеді деп жоспарланып отыр. 2024 жылғы 27 маусымда заңнамада белгіленген рәсімге сәйкес, министрліктің шешімін петиция авторына ресми жолдау жоспарланып отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан