Шымкентте дүкен қызметкері абайсызда аңшылық қарумен өзін атып жіберген

Шымкенттік тұрғын аңшылық қарумен абайсызда өзін өзі атып жіберген. Бұл жайт қаладағы балық және аң аулауға арналған заттар сататын дүкендердің бірінде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция дүкен қызметкері абайсызда аңшылық қарудан жарақат алғанын мәлімдеді. Қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр.

"әл-Фараби АПБ-на аңшы дүкенінің жұмысшысы аяғына пневматикалық қарумен байқаусызда жарақат алғандығы туралы хабарлады. Қазіргі таңда жайт бойынша тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - дейді Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жарақат алған жігіт 4 жарым шамасында жедел жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, оқ оң аяғына тиген.

"Қала тұрғыны оң аяғындағы жарақатпен келіп қаралды. Оң сан сүйегіне тиген. Қабылдау бөлімінде толық тексеруден өтті. Оқ алынды. Науқастың айтуынша, оқты байқаусызда атып алған", - дейді бас дәрігердің орынбасары Тайбек Сыздықов.

Науқасқа тиісті ем шарасы көрсетіліп, қазір үйіне шығарылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!