Маңғыстау өңірінде ауыз су мәселесі шешіліп келеді

Маңғыстау өңірінде ауыз су мәселесі шешіліп келеді
Фото: Әкімдік апараты

Ағымдағы жылдың 19 маусымында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен, өңірдегі Сайын Шапағатов ауылында су тұшыту қондырғысы іске қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қондырғы көмегімен бүгінде ауылда күніне 4 500 м3 су тұшыланады екен. Бұл осыған дейінгі көрсеткіштен 2 есе жоғары. Аталмыш игілік өз кезегінде 10 мыңға жуық тұрғыны бар Сайын Шапағатов пен көршілес 15 мың тұрғыны бар Ақшұқыр  ауылын толық ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді екен.

Су тұшыту зауыты шикізатты жерасты суларынан алып, ауыл тұрғындарына талапқа сай ауыз су ұсынып отыр. Алдағы уақытта мамандар зауыттың қуаттылығын тәулігіне 6 500 м3 дейін арттыруды жоспарлап отыр.   

Игі шарада аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай осынау бастамаға мұрындық болған кәсіпкерлерге маңғыстаулықтар атынан алғысын білдірді.

"Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі су тапшылығын жойып, халықты таза сумен қамту бойынша арнайы тапсырма берген. Жерлестерімізге тіршілік нәрін жеткізу ісі - күн тәртібінен түспейді. Қазір облыста ауыз су тапшылығын жою үшін бірқатар жоба қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесін көретін сәт те алыс емес", -  дейді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Әкімнің айтуынша, ағымдағы жылдың тамыз айына дейін «МАЭК» ЖШС аумағында қуаттылығы тәулігіне 6 мың текше метр суды тұщыту қондырғысы жұмыс істей бастайды. «СК-А-Строй» ЖШС суды тұщыту қондырғысының қуатын тәулігіне 5 мыңнан 9 мың текше метрге дейін арттырмақ. Тамыз айынан бастап Ақтау қаласына тәулігіне қосымша 6 мың текше метр ауыз су, Баянды ауылындағы суды тұщыту станциясы арқылы Мұнайлыға 3 мың текше метр ауыз су берілмек.

Айта кетейік, іске қосылып жатқан зауыттың жалпы құны – 1 000 000 теңге. Жобаны «Алека» ЖШС «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен іске асырып отыр.

Н. Ынтымақұлы