Министр "Dior брендінен" көзілдірігін қайдан алғанын айтты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтарға жұмыс істеп, білім алуға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысынан соң министрге "Еліміздегі ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Қазақстандықтарға еңбек министрі ретінде бренд бұйымдарын алуы үшін не істеуі керек? Мысалы, сіздің көзілдіріңіз Dior брендінен екен" деген сұрақ қойылды.

Светлана Жақыпова білім алып, кәсіби маман атануға кеңес берді.

"85 мың теңге – ең төменгі стандарт. Бүгінде бұл қаржыны жұмыс берушілер біліктілігі төмен азаматтарға есептейді. Себебі, олардың білімі мен біліктілігі жоқ. Сондықтан олар 85 мың теңгені алады. Алайда сіз көп ақша тауып, әдемі өмір сүргіңіз келсе, жұмыс істей жүріп, білім алуыңыз керек. Осылайша, сіз дағдыңыз бен құзыретіңізді арттыруға тырысып, кәсіби маман болуыңыз керек.

Менің көзілдірігім Dior-дан. Бұл – сапалы көшірмесі. Дүкеннің қайда екенін айта аламын. Оптикада (бұл көзілдірік) 25 мың теңге тұрады. Костюмді де айта аламын. Мұндай жақсы бұйымдарды қайда алуға болатынын да айта аламын", - деді Светлана Жақыпова.

Журналист "Демек, министр брендтің көшірмесінен киінеді ғой?" деп тағы сауал жолдады.

Министр сұраққа ашық жауап берді.

"Иә, (мұндай кимдерді) киемін, одан ұялмаймын. Мен брендтен киінуге тырыспаймын. Әдемі өмір сүріп, мейрамханадан тамақтанып, шетелде демалуға қызықпаймын. Менің арым таза. Себебі, кәсіби қызметімде шетелде демалмадым, Қазақстанға адалмын", - деді ведомство басшысы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!