"3-4 күн уақыт кетеді". Қабырғаға сурет салатын қыз ерекше өнерінің бағасы қанша тұратынын айтты

Кейінгі кезде үйдің қабырғаларына өрнек, түрлі сурет салу тренд болып тұр. Асқан төзімділікті, еңбекті, шеберлікті қажет ететін мамандық иелері - барельефтерге бүгінде сұраныс та жоғары. Massaget.kz тілшісі барельеф Аягөз Ақшабаймен сұхбаттасып, жұмысының қиындығы мен қызығы туралы сұрады.

"YouTube-тан көріп үйреніп алдым"

Аягөз Ақшабай - Алматы қаласының тұрғыны. Ол Алматы құрылыс және менеджмент колледжін тәмамдаған. Негізгі мамандығы - дизайн интерьері. Ерекше талант иесі бұл салаға қалай келгенін әңгімелеп берді.

"Қабырғаға сурет салуға бұрыннан қызығатынмын. YouTube арқылы тәжірибелі адамдардан шебелік сағаттарын оқып, көріп, жасап көруге не кедергі деп бірінші тапсырысымды алған едім. Осылайша қабырғаға салуға 2019 жылдан бастап қызыға бастадым", - деді ол.

Оның айтуынша, сурет өнері деген икемділік қанында бар. Өйткені анасының да, нағашыларының да суретке ебі бар екен.

"Анам мектеп кезінде плакаттарға сурет салатын. Анамның әпкесі де сурет салуға қатты қызығатын, кезінде қалаға оқуға түсемін дегенде, әкесі жібермей қойған екен, солай тұрмысқа шығып кетіпті. Бұл өнер қанымызда бар екен", - дейді Аягөз Ақшабай.

Ол ең алғашқы тапсырысын балаларға арналған орталықтың қабырғаларын бояудан бастапты.

"2019 жылдан бастап балаларға арналған орталықта аниматор және аквагример болып жұмыс істегенмін. Менің сурет салатынымды білген сол жердің бастығы орталықты бояғанымды қалады. Сол кезде 200 мың теңгеге 2/3 метр қабырғаға сурет сала бастадым. Осылайша бірінші тапсырым бес түрлі сурет болды: балалар мультфильмдері, Каппадокиядағы шарлар, Рапунцель", - деді ол.

"Ең үлкен тапсырыс 300-500 мың теңге аралығында болды"

Аягөздің сөзінше, қабырғаға салынатын суреттің бірнеше түрі бар: тегістелген, жоғары рельефті, қарсы рельефті, койланаглиф. 

"Барельеф гипстан қабырғаға салынады. Қарапайым сөзбен барельеф арқылы жеке кейіпкерлерді, заттарды, композицияларды, абстрактілі көріністерді үш өлшемді кескінде үй ішіне де, қасбетке де салуға болады. Әдетте олар аумақтың бір бөлігін немесе бүкіл бетті алады. Ал қабырғаға суретті акрил бояуларымен безендіру - ең танымал әдістердің бірі. Бояулардың көптеген артықшылығы бар: олар тез кебеді, иіссіз, оңай жағылады және күн сәулесі әсер еткенде де қанық түсін сақтайды. Акрил бояуларымен интерьер қабырғаларды бояу белгілі бір дағдыны, шеберлікті қажет етеді", - дейді суретші.

Ол бүгінде мұндай өнер түріне сұраныс көп екенін де жасырмады.

"Көпшілік үй салып, ішін безендіруге келгенде, ойланып қалады. Сондай жағдайларда менің суреттерімді көріп, басқа қалалардан хабарласып, сұрап жатқандар бар. Кейде жасатқан адамдардан таныстары сұрап тапсырыс береді. Ең үлкен тапсырыс 300-500 мың теңге аралығында болады. 70 мың теңгеден жоғары суретке тапсырыс беретіндер де бар, ондай жағдайда тез дайындап беремін", - дейді ол.

Аягөз әдетте тапсырыс берушімен келісіп, баға ұсынатынын да жеткізді.

"Қабырғаға сурет салу шаршы метріне 15 - 20 мың теңге аралығында болады. Көбіне клиентпен ақылдасып, соған қарай бағасын қоямын. Ең қымбат туындым барельеф болды, 300 мың теңгеге бір қабырғаға және кинорумға 500 мың теңгеге 4 қабырғаға сурет салдым", - деді ол.

"3-4 күн уақыт кетеді"

Суретші көпшілік қабырғаға сурет салғызғанда қандай таңдау жасайтынын айтты.

"Көбіне интерьер картиналарды таңдайды. Ол гипстан жасалады. Қаламның, аттардың суретін, алтын түсті тырналардың, "Бумажный дом" сериалындағы кейіпкерлердің, Джокердің суретін таңдап жатады", - деді ол бұл туралы.

Оның сөзінше, бұл жұмысқа 3-4 күндей уақыт жұмсалады.

"2/3 шаршы метрге 2-3 күнде бітеді. Барельеф кебуіне 24 сағат керек болады, жалпы сонда 3-4 күндей кетеді", - дейді Аягөз Ақшабай.

Бүгінде сұранысқа ие мамандық иесі алға қойған жоспарын да айтты.

"Мені танып жатқан адамдар шебелік сағаттарын өткізуімді сұрайды, өзімнің студиямды ашсам ба деген мақсатым бар, адамдарға бір көмегім тисе, соған қуанамын", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!