"Волонтер болуды бала күнімнен бойыма сіңірдім"

Еріктілер, яғни волонтерлер - қоғамда өз орны бар жандар. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаев та еріктілердің еңбегін ескеріп, 2020 жылды - волонтерлер жылы деп бекіткен болатын. Соңғы деректер бойынша, елімізде 240 мыңға жуық ерікті бар. Осы тұрғыда Massaget.kz тілшісі Алматыдағы көптеген шарада ерікті түрде волонтерлік қызмет атқарып жүрген Мадияр Бауыржанұлымен сөйлесті. 

Мадияр волонтерлік - өмірінің ажырамас бөлігіне айналып кеткенін айтады. 

"Бұлай деп айтуым бекер емес. Себебі маған бала күнімнен адамдарға мүмкіндік болса көмектесіп, қайырымдылық жасауды бойыма сіңірген. Оған анамның сабырлы әрі жүрегінің кең болуы да әсер еткен болар. Волонтерлік - кішкентай қадамдардан басталады деп ойлаймын. Әрбір адам волонтерлікпен айналыса алады деп ойлаймын. Себебі кез келген адамның бойынан мейірімділік пен кішіпейілділік табылары сөзсіз", - дейді Мадияр. 

Көрнекі сурет: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Сонымен қатар, Мадияр ерікті болғысы келетін адам ең алдымен не істеуі керегін түсіндіріп берді. 

"Егер адамдарға көмектескіңіз келетінін түсінсеңіз, ең алдымен екі нәрседен бастауға болады. Біріншіден, өзіңіздің жеке бос уақытыңызда көмекке мұқтаж адамдарға, яғни соғыс ардагерлеріне, қарт кісілерге барып, үйін жинастырып, азық-түлік немесе дәріханадан дәрі-дәрмек әкеліп беруден бастасаңыз болады. Сонымен қатар, жануарларға да қамқорлық жасасаңыз болады. Оларға үйшік жасап, қамқорлық танытуға болады. 

Ерікті болудың екінші жолы - өз қалаңыздағы волонтерлік ұйымдарға немесе жастар саясаты бөліміне барсаңыз болады. Қазіргі таңда мұндай ұйымдар кез келген қалада табылады. Сонымен қатар, волонтерлерді іздеп жүрген қайырымдылық қорларына жүгінсеңіз де болады. Қоғамдық қозғалыстар көп, әркім өз қалаған бағытта қызмет ете алады", - дейді Мадияр.   

Мадияр қазіргі таңда әсіресе әлеуметтік осал топтағы жандар көмекке мұқтаж екенін айтады. 

"Оның ішінде жетім балалар, зейнеткерлер, мүгедек жандар, науқас адамдар бар. Оларға біздің елімізде кез келген волонтер ерікті түрде көмектесуге дайын тұрады. бірақ біздің елімізде әлеуметтік осал топтағы адамдарға көрсетілетін көмектен бөлек волонтерліктің басқа да түрлері бар. Мысалы экологиялық, спорттық, мәдени, донорлық, қоғамдық қауіпсіздік пен апаттық жағдайда жүретін волонтерлер бар. 

Сонымен қатар, волонтерлер елімізде қандай да бір апаттық жағдай болса халықты эвакуациялауда, оларға қажет көмекті жеткізудің де басы-қасында жүреді. Із-түзсіз кеткен адамды іздеуде де еріктілердің көмегіне жүгінетіндер бар", - дейді Мадияр. 

Көрнекі сурет. Ашық дереккөз

Сонымен қатар, Мадияр елдегі волонтерлердің өз ұстанымы барын атап өтті. 

"Біріншіден, волонтерік - бұл ерікті түрде істелетін нәрсе. Егер волонтер қандай да бір нәрсемен келіспесе, ешкім оны сол жұмысты істеуге мәжбүрлей алмайды. Екіншіден, ерікті ұйымның бір ғана міндеті бар - ол қайырымдылық жасау. Сондықтан мұндай ұйымдардың да мақсаты бір. Үшіншіден, қандай жағдай болмасын волонтер ешкімге тәуелді болмауы керек. Төртіншіден, волонтерлер ешкімді бөліп-жармайды. Олар адамды түріне, түсіне, қызметіне немесе статусына қарап бөлмейді", - дейді ерікті. 

Мадияр не үшін волонтерлік қызметпен айналысатынын түсіндірді. 

"Менің волонтерлік қызметпен айналысып жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Кез келген волонтер бұл іспен өмірлік құнды тәжірибе алу үшін айналысады деп ойлаймын. Себебі волонтерлік қызметте біз адамдармен әртүрлі жағдайда кездесеміз. Сол арқылы өмірге басқаша қарап, ой түйе аламыз", - дейді Мадияр.  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз