Қанат Бозымбаев Қаңтар оқиғасында айтқан сөзіне түсінік берді

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қаңтар оқиғасы кезінде айтқан сөзіне түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысынан соң журналист вице-премьерден 2022 жылы Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде халыққа қарата неге бейәдеп сөз айтқанын сұрады.

Қанат Бозымбаев мұндай жағдай болғанын, бірақ халықтан кешірім сұрағанын жеткізді.

"Олармен әңгіме болды. (Бұл сөз - еск.) бір немесе екі адамға қарата айтылды. Сөзім контекстен алынған. Себебі бір минуттан соң мен "Осы сөзім үшін халықтан кешірім сұраймын" деп айттым. Алайда бұл сөз 2-3 адамға қарата айтылды. Сіз ол жақта болмадыңыз. Мен (Талдықорған қаласындағы - еск.) алаңда 3,5 сағат болдым. Ал сіз 2 минуттық видеоны көрдіңіз. Осының негізінде қорытынды жасап отырсыз. Мен сізге болған жағдайды түсіндірдім. Сіз қаруланған топтың арасында болып көріңізші. Өзіңізді қалай ұстайтыныңызды сонда көремін", - деді премьер-министрдің орынбасары.

Айта кетейік, 2022 жылғы қаңтарда еліміздің бірқатар өңірінде тәртіпсіздіктер болды. Салдарынан кемінде 238 адам қаза тапты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!