"Алладан сұраңыз". Вице-премьер елімізде су тасқыны қашан болатынын білмейді

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстанда су тасқыны қашан болатынын білмейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет басшысының орынбасары қазір қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде есеп берді.

"Қазір біз баспанасыз қалған адамдарды үймен қамтамасыз етеміз деп бар күш-жігерімізді соған жұмсап жатырмыз. Екіншіден, апатты алдын ала болжайтын жүйені жасауға назар аударып жатырмыз. 2 мәселені биыл қолға алып, тиісті министрліктерді қамтамасыз етіп, бәрін жасасақ, су тасқыны болса, келген шығын төмендеу болады", - деді Қанат Бозымбаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Сондай-ақ, БАҚ өкілі "Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысын үйлестіретін адам ретінде сіз "келесі жылы елімізде осындай алапат су тасқыны болмайды" деп уәде бере аласыз ба?" деген сұрақ қойды.

Үкімет басшысының орынбасары сұрақтың жауабын бір Құдай білетінін айтты.

"Оны кім айтады? Алладан сұраңыз... Су тасқыны бола ма, болмай ма? Оны Алладан сұраңыз", - деді премьер-министрдің орынбасары.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!