Дәрігер газдалған сусындардың балалар үшін қаупін атады

Балалардың тәтті газдалған сусындарды жүйелі түрде ішуі тіс жегі, гастрит, семіздік, қан диабетінің пайда болуы қаупін арттырады. Бұл жайлы гастроэнтеролог Татьяна Почеховская айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Известия"-ға сілтеме жасап.

Барлық заманауи газдалған сусындардың құрамына концентраттар, көмірқышқыл газы, көп мөлшерде қант немесе қант алмастырғыштар кіреді.

"Бір стақан шайға бес немесе он қасық қант салғанды елестетіңізші. Лимонадта осыншама қант болады. Сол үшін мұндай сусындар шөлді қандырмайды, керісінше, одан сайын шөлдетеді. Оған қоса, қанттың көп болуы әлі дұрыс дамымаған ұйқы безіне күш түсіреді және бұл органның жұмысын бұзуы мүмкін", - деп ескертті Татьяна Почеховская.

Маманның айтуынша, қанттың көп мөлшері семіздікке және тіс эмалінің бұзылуына әкелуі мүмкін.

"Кейде газдалған сусынға қанттың орнына қант алмастырғыштар қосады: ксилит, сорбитол, цикламат және сахарин. Ал балаларға қант алмастырғыштарды қолдануға болмайды", - дейді ол.

Сондай-ақ ол лимонад құрамына қант пен қант алмастырғыштардан басқа бояғыштар, консерванттар, хош иістендіргіштер және басқа да химиялық заттар кіретінін айтты. Олардың барлығы баланың асқазанын тітіркендіруі және аллергия себебіне айналуы мүмкін.

"Газдалған су дәмінің негізін концентраттар құрайды: әдетте олар - лимон немесе ортофосфор қышқылы. Екеуі де тіс эмалін бұзады. Ал ортофосфор қышқылы сүйектердің минералдануын бұзып, оларды сынғыш етуі мүмкін", - деп атап өтті гастроэнтеролог.

Газдалған сусынның келесі компоненті - көмірқышқыл газы. Ол жиі кекіру, іш кебуі, ауырсынуды тудырады. Кекіру кезінде асқазанның ішіндегі нәрселер өңешке қайта оралуы мүмкін. Бұл қыжыл түрінде байқалады, ал өңеште қабыну - эзофагит дамиды. Көмірқышқыл газы гастриттің дамуына түрткі болуы мүмкін.

"Балаға лимонад ішкізбеуге тырысу керек. Ең болмағанда бала 3 жасқа толмағанша оған газдалған сусынды мүлдем бермеу керек. 5-6 жасқа дейін соза алсаңыз, тіпті жақсы. Ең дұрысы — баланың басқа сусындарға деген сүйіспеншілігін ояту, ал тәтті газдалған сусындарды ішуден мүлдем бас тарту", - деп қорытындылады маман.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!