Журналистің сұрағы Қанат Бозымбаевтың күлкісін келтірді

Үкіметтің баспасөз орталығында журналистің сұрағы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың күлкісін келтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысынан соң БАҚ өкілі вице-премьерге "Сіз су тасқынына қарсы күресу және халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Ақордадан (Үкіметке - еск.) жіберілгеніңіз рас па?" деп сұрақ қойды.

Қанат Бозымбаев табиғи апат кезінде Үкіметке көмектесу үшін келгенін растады.

"(Күлді - еск.) Маған мұндай сұраққа пікір білдіру қиын. Бірақ ең басты мақсат осы болған шығар. Үкіметімізге көмектесіп, тәжірибе жинақтап, тиісті әкімшіліктерге координация жасап, көмек көрсеттім", - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Журналист "вице-премьер Роман Склярдың қолынан келмеген проблемаларды менің қолымнан келеді деп санайсыз, иә?" деп сұрағын нақтылады.

Премьер-министрдің орынбасарына бұл сауал ұнамай қалды.

"Мен ондай сөзді айтқан емеспін. Ешқашан олай айта алмаймын. Әріптесімнің (жұмысына - еск.) баға бере алмаймын. Бұл менің құзыретіме жатпайды. Маған провокациялық сұрақтарды қоймаңыздар", - деді ол.

Айта кетейік, биыл 31 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қанат Бозымбаев премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған еді. Ол президенттің кеңесшісі қызметінен босатылған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!