Қандай дәрумендерді аш қарынға және бірге ішуге болмайды?

Дәрумендерді уыстап ішсеңіз де, қажетті нәтиже болмауы мүмкін, себебі олардың кейбіреулері бір-бірінің әсерін бейтараптайды. Оған қоса, бір дәрумендерді аш қарынға ішу керек болса, басқасын тек тамақпен бірге ішу керек. Дәрумендер жиынтығын сатып алмас бұрын оның құрамын оқып, бір-бірімен үйлесімін зерттеу қажет. Сарапшы Виктория Семенщикова "Doctorpiter"-ге қандай дәрумендерді бірге ішуге болмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Барлық дәрумендер суда еритін және майда еритін болып бөлінеді. Әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. 

Суда еритін дәрумендер

Бұл суда және сулы ортада толықтай еритін дәрумендер. Суда еритіндерге С, В1, В2, В3 (РР), В6, В12, В9 (фолий қышқылы), B5 (пантотен қышқылы) және B7 (биотин) жатады.

"Суда еритін дәрумендер ағзаға үнемі түсіп тұруы керек, себебі олар ағзада жиналмайды", - дейді сарапшы.

Қалай ішу керек?

Маман суда еритін дәрумендерді тамақ ішуге 30 минут қалғанда және тек сумен ішуге кеңес берді. Егер тамақ ішіп алған болсаңыз, суда еритін дәруменді ішу үшін екі сағаттай күтіңіз, әйтпесе, олар нашар сіңеді. B тобының дәрумендерін абайлап ішіңіз. Олардың атауы бірдей болғанымен, барлығы бірдей бір-бірімен үйлесе бермейді.

"В дәрумені бөлек сіңеді, ал B12, B5 және В9 дәрумендері жақсы үйлеседі", - деп түсіндірді Виктория Семенщикова.

С дәрумені иммунитет үшін маңызды. Оған қоса, оны жастық дәрумені деп атайды. 

"С дәрумені А, B5, B9, E дәрумендерімен, сондай-ақ темір және кальциймен бірге жақсы сіңеді. Алайда С дәрумені B1 және В2 дәрумендерімен үйлеспейді. В тобының дәрумендерін таңертең, ал С дәруменін кез келген уақытта іше беруге болады", - дейді маман. 

Майда еритін дәрумендер

Бұл тек майлы ортада еритін дәрумендер. Майда еритіндерге А, D, Е және К дәрумендері жатады.

"Бұл дәрумендер ағзада жиналады, сондықтан дәрігер тағайындаған мөлшерді сақтау маңызды", — деп ескертті Виктория Семенщикова.

D дәрумені кальцийді сіңіруге көмектеседі, бірақ көп мөлшерде ол қанда кальций артуына әкелуі мүмкін — бұл жүректі, бүйректі, асқазанды және тірек-қимыл аппаратын бұзатын қауіпті жағдай.

Қалай ішу керек?

Мұндай дәрумендерді жұмыртқамен немесе өсімдік майымен бірге қабылдаған дұрыс. Бірақ аш қарынға майда еритін дәрумендер ішуге болмайды. Сондай-ақ олар бір-бірімен үйлеспей, бір-бірінің тиімділігін төмендетеді.

"Майда еритін дәрумендерді, әсіресе К дәруменін бөлек-бөлек ішу керек", — дейді Виктория Семенщикова. — Сондай-ақ, D дәруменін А және Е дәрумендерімен бірге ішпеңіз: олар бір-бірін бейтараптандырады. Бірақ А және Е дәрумендерін бірге ішуге болады, өйткені Е дәрумені А дәруменінің сіңуіне көмектеседі".

Сондықтан, жақсы әсер болу үшін сарапшы D, Е немесе К дәрумендерін бірнеше сағат аралықпен қабылдауға кеңес береді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!