ШҚО-да жолды жауып тастағаны үшін біреудің көлігін кілтпен сызып тастаған тұрғын жазаланды

ШҚО-да жолды жауып тастағаны үшін біреудің көлігін кілтпен сызып тастаған тұрғын жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ӘҚБК-нің 147-1-бабы 1-бөлігімен бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру бойынша азаматша И.-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Сот отырысында анықталғаны, 2024 жылы 19 мамырда сағат 16:00 шамасында азаматша И. Өскемен қаласы Қашаубаев көшесі, 12 үйдің ауласында тұрған С.-ға тиесілі көлік құралын әдейі кілтпен сызып тастаған.

Сот отырысында азаматша И. кінәсін толық мойындап, бұрын танымайтын азамат С.-ға тиесілі көлік құралы ауладағы үйдің кіреберісіндегі жолды жауып тастағаны үшін оның тұрған көлігін кілтпен сызып өткенін айтып түсіндірді.

Сот қаулысымен азаматша И. ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК мөлшерінде, кінәсін мойындағанын ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға төмендетіп, 51 688 теңге көлемінде мемлекет пайдасына әкімшілік айыппұл салынды.

Соттың қаулысы заңды күшіне енді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!