Премьер-министр Бектенов өңірдегі шенеуніктерге ескерту жасады

Премьер-министр Олжас Бектенов өңірдегі шенеуніктерге ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оған себеп – жылыту маусымына дайындықтың төмендігі.

"Қазір – алдағы жылыту маусымына дайындықтың нағыз қызған шағы. Жаздың бірінші айы да аяқталуға жақын. Алайда жылу объектілеріндегі жөндеу мерзімдерінің сақталмауы алаңдаушылық туғызып отыр", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министр нақты мысалдар келтірді:

  • Екібастұз жылу орталығында жөндеу жұмыстарын бастау мерзімі мамырдан маусымның соңына ауыстырылған.
  • Теміртауда №2 Жылу орталығындағы 2-қазандықты жөндеу жұмыстары сәуірден бері басталмай тұр. Ондағы турбиналарды күрделі жөндеу жұмыстары да аяқсыз қалуы мүмкін.
  • 13 мамырда басталуға тиіс болған Тараздың №4 жылу-электр орталығындағы №1 турбинаны жөндеу жұмыстарынан да әлі күнге мардымды хабар жоқ.
  • Жезқазғандағы жылу-электр орталығының №5 қазандығы маусымнан бастап қана жөндеуге қойылды. Жеке жабдықты жөндеу жұмыстарын тіпті жыл соңында ауыстыру жоспарлануда.

"Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Еліміздің барлық өңірінен келтіруге болады. Биыл мамырдың басында Үкімет отырысында жөндеу мерзімдерін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтынын тапсырғанмын. Алайда оператор КЕГОК бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз бетінше өзгертуін доғармай отыр.

Биылдың өзінде ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни аталған фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр", - деді үкімет басшысы.

Осыған байланысты ол өңірдегі шенеуніктергі ескерту жасап, орынбасарына тапсырма берді.

"Сондықтан Роман Скляр менің тапсырмам бойынша проблемасы көп объектілерді аралап жүр. Таяуда ғана Қарағанды облысына барып келді. Роман Васильевич, жалпы жергілікті жерлерде шұғыл шешімдер мен барынша қатаң шараларды қабылдаңыз. Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды сұраймын", - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ премьер-министр жылу желілерін жаңғырту қарқыны да төмен екенін атап өтті.

"Әзірге жоспарланған жұмыс көлемінің 25 пайызы да орындалған жоқ. Басқа өңірлермен салыстырғанда Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерінің дайындығы төмен.

Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары негізінен республикалық бюджет қаражаты есебінен ғана жүргізіліп отырғанын айта кету керек. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасының мүмкіндігін толық пайдаланбай отырмыз. Жалпы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының тиімділігі төмен", - деп сөзін түйіндеді үкімет басшысы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!