Шекаралас аумақта шегірткенің таралу қаупі сақталады - АШМ

Шекаралас аумақта шегірткенің таралу қаупі сақталады - АШМ
Фото: depositphotos.com

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ресей және Өзбекстанмен шекаралас аумақта шегірткенің таралу қаупі сақталатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдымен министр шегірткеден айтарлықтай шығын келмегенін атап өтті.

"Бүгінде шегірткеден шығын келген жоқ. Оңтүстік Қазақстан жақта (шегіртке) таралды, ол жаққа барып көрдік. Жалпы бау-бақшаны да көрдік. Бірақ біз шегірткелерді уақытында залалсыздандырып үлгердік. Шаруаларға қиындық туындаса, жеңілдетілген кредитті 5 пайызбен беруге дайын екенімізді айттық", - деді Айдарбек Сапаров Мәжілістегі Үкімет сағатынан соң.

Оның пікірінше, шекаралас аумақта шегірткенің таралу қаупі сақталады.

"Шекара жақтан туындаған мәселе бар. Жалпы Қазақстанның ішін (шегірткеден) тазартып жатырмыз. Өзбекстан жағынан қауіп болған. Ол жақтағы министрмен өзім сөйлесіп, шекара маңында техниканы орналастырдық. Алайда 2 жерде (шегіртке) таралды, мәселені шештік.

Енді Ақтөбе облысын қарастырайық. Премьер-министр мені сол жаққа жіберді. Мен РФ вице-премьері Дмитрий Патрушев, РФ ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лутқа хат жазып, телефон арқылы сөйлестім. Оренбург облысынан біз жаққа (шегірткелер) таралды.
Себебі, онда авиация жұмыс істеген жоқ. Мен өзім шекара жаққа бардым. Олармен (ресейлік тараппен – автор) кездесіп, бәрін түсіндірдім. Сондықтан олар техниканы күшейтті. 3-4 күнде жұмысқа қатты кірісті. Менің ойымша, сол жақты бақылауда ұстау керек", - деді министр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Есен