Грекияда арал өртенуіне қазақстандықтардың қатысы бар ма? Тың мәлімет шықты

Кеше БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстаннан Грекияға барған туристер Гидра аралында яхтадан отшашу атып, орман өртіне себеп болғаны жазылды. Massaget.kz тілшісі ақпаратты тексеру үшін Сыртқы істер министрлігіне жүгінді.

Гидра аралындағы өрт қалай басталды?

Грекияның бұқаралық ақпарат құралдары 21 маусымда кешке демалушылар жалға алған яхтада отшашу ата бастағаны жөнінде ақпарат таратты. Салдарынан қарағайлы орманда өрт басталған. Кейінірек оқиғаға қатысы барлар, соның ішінде экипаж мүшелері де ұсталғаны туралы ақпарат шықты. Олардан Вульягмени маңындағы жағалау күзетінің орталығында жауап алынатыны айтылды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қандай мәлімдеме жасады?

Сыртқы істер министрлігі өкілі бұл оқиғаға қатысы барлардың ішінде қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.

"Қазақстанның консулы бұл ақпарат жарияланғаннан кейін осы іске қатысты бірден Грекия билігіне хабарласты. Полицияның мәліметіне сәйкес, ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ және оларға ешқандай да талаптар қойылмаған", - деп жауап берді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Massaget.kz-ке.

Еске салайық, бұған дейін аралдағы өртті сөндіруге өртсөндірушілер мен еріктілер жұмылдырылғаны, ауадан су шашатын тікұшақ та тартылғаны хабарланды.

Сонымен қатар, БАҚ Гидра мэрі Гиоргос Кукудакис әкімшілік өртті ұйымдастырған шетелдіктерді сотқа беруге ниетті екенін айтқанын хабарлады.

Ал Гидра Грекиядағы туризмнің негізгі орталықтарының бірі саналады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!