"Әдемі табиғаттың түбіне жетті". Боралдай тұрғындары жанайқайларын айтты

"Әдемі табиғаттың түбіне жетті". Боралдай тұрғындары жанайқайларын айтты
Фото: Фото: Нұрбол Ынтымақұлы

Алматы обылысы, Іле ауданы, Бораладай кентінде бәз біреулер жер телімін қоршап алып, ішін құрылыс қалдықтарымен толтырып жатыр. Үлкен Алматы өзені ағып өтетін аталмыш аумақта бұрындары халық балық аулап, табиғат аясында дем алса, қазір шаң мен сасық иістен ешкімнің бұнда жолағысы жоқ. Тұрғындардың мәселесімен Massaget.kz тілшісі танысып қайтты.

 Фото: Нұрбол Ынтымақұлы

 Фото: Нұрбол Ынтымақұлы

Бір жылдан аса құрылыс қалдықтары төгілілген аумақта, бүгінде ағаш та, жасыл шөп те өспейді. Төге-төге өзенге жақындаған күл-қоқыс, тұрғындардың наразылығын тудыруда.

"Бұрын тамаша табиғат болатын. Тоғанда балық, ағашта құстар, топырағында жануарлар жүретін. Қазір осының орнында бір қурай тұр. Біздің балалық шақта өзен бойы мүлдем басқаша еді. Әдемі табиғаттың түбіне жетті. Қазір жан-жақтан бәрі осында қоқыс тастайды. Әсіресе мына әуежайға қарама-қарсы бір жыртым жерді әрдеңемен келіп толтырып жатыр!", - дейді Боралдай кентінің тұрғыны Комарова Адина

Өзен бойында үйілген құрылыс қалдықтары тек бұл емес. Құдды бір осындағы жын-жыбырдың, қоқыс төгуге келгенде, әуесі өзенге келіп түсетіндей.

"Бұлар ендігі Үлкен Алматы өзеніне жетті, сөз жоқ. Жарықтық әдемі еді. Бізде ауылды қолдайтын не кәсіпкер, не әкім жоқ. Су қазір біздегі ең құнды нәрсе. Неге соны түсінбейді?!", - дейді Боралдай кентінің тұрғыны Исмайлова Бақыткүл

Мәслеге қатысты Боралдай әкімдігіне сұрау салып көрдік. Ондағылар, біз көрсеткен аумақта қоқыс төгу жұмыстарын  ұйымдастырушысы, аталған жер телімінің иесі екенін жеткізіп отыр. Оның үстіне кент аумағында қоқыс полигондары жоқ екен. Ең жақыны Алматы-Қонаев тас жолындағы, Жетіген ауылында орналасқан орталық полигон.

Әкімдік мәселе бойынша хабардар екенін жеткізді. Дегенмен, жауапкершілік пен залал зардабын кінәлі тұлғаға арту Алматы облысы Экология департаментінің құзыретінде екенін ескертті.

Алматы облысы Экология Департаменті, жер иесіне 2023 жылдың 18 қаңтарында қалдықтарды өңдеу талаптарын бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 344-бабының 3-бөлігімен хаттама жасап, 138 000 теңге айыппұл салды. Кейінірек 2024 жылғы 20 наурыздағы Азаматтық кодексінің материалы негізінде, жер телімі иесіне аумақты топырақпен және құрылыс қалдықтарымен толтыруды жүзеге асырып, Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 320 және 376-баптарының талаптарын бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 344-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, 147 680 теңгеге айыппұл салынған", - дейді Боралдай кентінің әкімдігі

Кент әкімдігі осы бағыттағы тиісті жұмыстардың орындалуын бақылау, департаменттің тұрақты және қатаң бақылауында екенін атап өтті. Десе де, тұрғындар "қатаң бақылау" сөзінен салмақ көрмей тұрмыз дейді.

      Біз кеткеннен кейін тұрғындардың жіберген бейнесі

Мәселеге қатысты жер телімі иесімен байланысуға тырыстық. Жазып көрдік, жауап бермеді, тіке сөйлесуге келгенімізде қуып шықты.

Кінәліге жаза арту Алматы Экология Департаментінің қолынан ғана келеді дейді әкімдіктегілер. 

Н. Ынтымақұлы