Қазақстанда қанша адам жынысын ауыстыруға өтініш білдірген?

БАҚ деректерінде 2009 жылдары Қазақстан жыныс ауыстыру отасында рұқсат еткені туралы ақпараттар бар. Massaget.kz тілшісі жыныс ауыстыру отасы туралы не белгілі екенін анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады. 

Қазақстанда жыныс ауыстыру заңды тұрғыдан қалай реттелген?

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, жынысты ауыстыру отасы 2020 жылға дейін де жүргізілген. Алайда 2020 жылы жаңадан кодекс қабылданып, жыныс ауыстыру мәселесін ретке келтіретін "Жыныстық сәйкестендіру бұзылушылықтары бар адамдар үшін медициналық куәландыру және жынысын ауыстыруды жүргізу қағидалары туралы" атты қағида бекітілген. 

pixabay

Жыныс ауыстыру отасы қандай кезеңдерден тұрады?

Трансгендер (жыныстық сәйкестендіру бұзылушылықтары бар адамдар, медициналық атауы - еск.) үшін жыныс ауыстыру екі медициналық кезеңнен, гормоналды алмастырушы терапиядан (1-кезең) және жынысты хирургиялық түзетуден (2-кезең) тұрады.

Freepik

"Әрбір кезеңге рұқсатты арнайы кеңейтілген комиссия береді. Трансгендерді медициналық куәландыру жөніндегі комиссия құрамына психиатр дәрігерлер (үш маман, олардың біреуінің сексопатология саласында арнайы білімі бар); уролог; гинеколог; терапевт; эндокринолог; психолог кіреді. Осы комиссия медициналық тексеріс өткізгеннен бірлескен шешім қабылдайды", - деп жазылған министрліктің Massaget.kz-ке жауабында. 

Жыныс ауыстыру отасы қандай мекемелерде жасалады?

Ведомство мәліметінше, ота (хирургиялық түзету - еск.) мамандандырылған лицензияланған медициналық ұйымдарда жасалады.

depositphotos.com

"Жынысты ауыстыру медициналық мекемелерде акушерлік-гинекологиялық, урологиялық және андрологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады", - деп жазылған министрліктің Massaget.kz-ке жауабында. 

Қазақстанда жынысын ауыстырғандар бар ма?

Денсаулық сақтау министрлігі деректеріне сүйенсек, жынысты ауыстыру екі кезеңді қамтиды: медициналық және заңды. Медициналық кезең тағы да екі кезеңнен тұрады.

elements.envato.com

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығына жынысын ауыстырғысы келетін адамдар психологиялық бұзылыстары бар-жоғын анықтау үшін жүгінеді. Өйткені Қазақстанда психологиялық ауытқуы жоқ адамдарға ғана мұндай отаға рұқсат беріледі. Орталықта 2020 жылдан бергі статистика бар. Бүгінге дейін 111 өтініш түскен, бұл дегеніміз - жыныс ауыстыру үшін психологиялық қорытынды алу үшін жүгінгендер саны.

"Біздің орталықта "транссексуализм" диагнозын қою және/немесе гормоналды алмастырушы терапиясын және/немесе хирургиялық түзетуді жүргізу мүмкіндігі (мүмкін еместігі) туралы комиссияның қорытындысын алу үшін медициналық куәландырудан өткен адамдардың саны туралы ақпарат бар. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 111 өтініш қабылданды, комиссияның 71 отырысы өткізілді (оның ішінде 1-кезең (гормоналды (алмастырушы) терапияны жүргізу мүмкін) бойынша 39; 2-кезең (жынысты хирургиялық түзетуді жүргізу мүмкін)", - деп жазылған министрліктің Massaget.kz-ке жауабында. 

Жыныс ауыстыру отасының құны қандай?

Министрлік мәліметінше, жынысты ауыстыру бойынша ота тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тізіміне кірмейді. Оған қоса жынысты ауыстыру бойынша ота Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сатып алатын медициналық қызметтер тізіміне кірмейді.

"Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы бұйрығына сәйкес жынысты ауыстыру бойынша пластикалық ота жасау медициналық қызметтер тарифінің тізбесінде қарастырылмаған. Осыған байланысты жынысты ауыстыру бойынша ота ақылы түрде жүргізіледі", - деп жазылған министрліктің Massaget.kz-ке жауабында. 

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Алайда министрлік құны туралы нақты деректі ұсынбады.

Кімдер жынысын ауыстыра алады?

Денсаулық сақтау министрлігі деректеріне сүйенсек, психикалық мінез-құлықында қандай да бір ауытқуы бар адам жынысын ауыстыра алмайды. Одан бөлек жиырма бір жасқа толған, әрекетке қабілетті адам жынысын ауыстыруға құқылы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!