"Мал бағу үшін де білім керек". Тележүргізушілікті тастап, малшылық кәсіпті таңдаған ару

Тележүргізушілікті тастап, малшылық кәсіпті таңдаған ару Шарипа Базарбаева "Oyan" телебағдарламасына берген сұхбатында ауылға алғаш көшіп барған кезін еске алып, жайлауда тұрудың қиындықтарын әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұрынғы тележүргізушінің айтуынша, жолдасы негізі сабырлы, салмақты кісі, камераны онша ұната бермейді. Бірақ қазір үйреніп келе жатыр. 

"Көп оқырманның қоятын сауалы бір. "Бізде осылай жұмысымызды тастап, ауылға барып, өз-өзімізге бастық болып, өзіміз де осы жұмысты бастап кеткіміз келеді" деп көп жазады. Бірақ, негізі айтуға оңай. Әлеуметтік желіде сырт көзге оңай болып көрінеді. Бұрын ата-анамыз "оқымасаң, мал бағасың" деп айтушы еді ғой, негізі бұл олай емес. Мал бағу үшін де адамның бір білімі болуы керек, адамның қабілеті болуы керек. Кез келген адам барып, мал бағып кете алмайды. Оған үлкен қажылық пен сабырлық керек. Сондықтан да, бұл жастар ойлайтындай оңай емес. Ал енді, қазір жұмыссыз жастар көп, нақты шешімге келетін болса, ауылға барып тірлік істеймін десе, ауылда жұмыс көп. Мемлекет тарапынан да осындай ата кәсіпті жаңартуға қанша бағдарлама ашылып, қолға алынып жатыр. Субсидиямен мал алуға болады, болмаса неше түрлі несие бар", - деді ол.

Шарипа Базарбаева өздері де мал санын көбейту мақсатында үкімет тарапынан беріліп жатқан осындай барлық мүмкіндікті мейлінше пайдаланып жатқанын жасырмады.

Сондай-ақ, ол ауылға алғаш көшіп барған кезін еске алды.

"Тележүргізушілікті тастап, енді мал шаруашылығына келген кезімді еске түсірсем, аздап толқып кетемін. Мен ауылға өз еркіммен барғаныммен, бастапқы екі жыл мен үшін өте қиын болды. Өзім ауылда туып-өскен қыз болғаныммен, ата-анам "сабақ оқысын, мектепті "алтын белгіге" бітіреді, жарыстарға дайындалсын" дейтін, содан үйдің тірлігіне мүлдем икемім болған жоқ. Біз Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Екінші шегін деген ауылға қарайтын, "Кружный канал" деген қыстақ-жайлауда тұрамыз. Біз ондағы жалғыз үйміз, өркениеттен алыс орналасқан. Жарықты күн батареясынан аламыз, мысалы бұлтты күндері бізде жарық болмай қалады. Сондықтан біз жарықты үнемдейміз. Теледидар, тоңазытқыш секілді тұрмыстық техникаларды көтермейді, газ жоқ, от жағамыз. Біз қыста көшіп барғандықтан, маған басында от жағу қиын болды. Себебі мен мүлдем оған жақындамағанмын. Бір рет ошақ жағамын деп, ол жанбай қойды, содан мен отынға солярка құйып, ол лап етіп жанғаннан, қасым, шашым бәрі күйіп қалған болатын", - деді ол.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, журналистік жұмысына қимыстық сезімі бар екенін жазған.

"Әйелдің бақыты - отбасы.
Алдымда таңдау тұрмаса, журналистік жұмысымды жасай берер ем, әрине. Онымен күйеуім, бала-шағам, үйіміз ауылда болғасын, мен қалада қалып, "бұл менің мамандығым ғой" деп мансап қуа алмадым. Бірақ, бүгін араға 4 жыл салып, тікелей эфирге шыққандағы сезімім тым бөлек. Мен қанша жерден қырдың жұмысы қызық дегенмен, тв, эфирден мен кәдімгідей қуат алады екенмін. Сізге қайдам, өзім бұны Ө-өкініш деп емес, Қ-қимастық деп түсіндім. Бірақ, өмір алда. Ертең не болатынын Құдайдан басқа ешкім білмейді", - деп жазған ол.

Тағы да оқи отырыңыздар: Грантқа өткендердің тізімі қашан шығады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!