Түркістан облысында директорға жала жапқан жүкті әйелге 465 мың теңге айыппұл салынды

Fаcebook әлеуметтік желісі арқылы жалпы орта мектеп директоры жемқорлықты белшесінен басып отырғанын айтып, басшы болуға лайықты емес деп жазба жариялаған әйел сот алдында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Түлкібас аудандық сотында жала жабу бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралды.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, істеген әрекеті үшін кешірім сұраған.

Жәбірленуші мектеп директоры әкімшілік хаттамада көрсетілген уәжді толық қолдаған. Яғни, Fаcebook желісі арқылы жариялаған мәліметтер ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретіндігін, ол мәліметтер шындыққа жанаспайтынын айтып, құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады.

Сот қаулысымен құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 465 192 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

"Сот құқық бұзушының шын ниетпен өкініш білдіруін, жәбірленуші мен соттан кешірім сұрауын, жас отбасы екенін, жүктілігін ескерді. ӘҚБтК-нің 829-11-бабы 2-бөлігіне сәйкес, салынатын әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға қысқартқан. Негізі аталған бапта көзделген айыппұл мөлшері 180 АЕК, яғни 664 560 теңгені құрайды", - делінген облыстық сот мәліметінде.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!