"Жазда тапсырыс 2-3 есе көп түседі". Шақыру билет жасайтын кәсіп иесімен сұхбат

"Жазда тапсырыс 2-3 есе көп түседі". Шақыру билет жасайтын кәсіп иесімен сұхбат
Фото: vipcards.kz

Қазіргі таңда тойға шақыру билеті әртүрлі форматта дамып келе жатыр. Тіпті, келу-келмеу себебіңізді де сол шақыруға белгілеп, кәдесыйыңызды да ақшалай сыйлауға болады. Осы орайда Massaget.kz тілшісі шақыру билет жасау кәсібімен айналысып жүрген Құралай Бисенбаймен сұхбаттасты.

"Декреттік демалысым себеп болды"

Құралай қазіргі таңда екі баланың анасы. Бұл кәсіпті бастауына декреттік демалыста отырғаны себеп болған.

"Құлсары қаласының тумасымын, қазіргі уақытта Алматыда тұрып жатырмыз. Бұл кәсіпті бір жыл бұрын декреттік демалыста отырғанда бастадым. Мектеп кезінде туған әпкем фотоаппарат әкеліп берген еді. Оқушы кезімнен фотоаппаратқа түсірілген суреттерді өзгертуге, әрлеуге құмар едім. Кейін соған байланысты көптеген курстар сатып алып, білімімді дамыттым. Осымен айналыса отырып, бұл кәсіп хоббиім екенін түсіндім. Дизайнерлік, талғаммен жұмыс, фото, видео әрлеудің маған ұнайтынын білдім", - деді ол.

Құралай кәсібінің атауын өзінің аты-жөнімен байланыстырып, бастапқы әріптерімен атаған. 

"Бір жыл бұрын инстаграмнан аккаунт ашып қойдым. Бірақ ешқандай сурет, видео, жасалған жұмыстарды салмадым. Тек қандай шақыру билеттер жасайтыным және байланыс нөмірімді жаздым. Түстен кейін үлкен аға хабарласып, бірден тапсырыс берді. Сол кезде қатты таңғалдым. "Анамның және әкемнің еске алу асын беріп жатыр едік, соған диктормен шақыру билет жасайын деп едім" деді. Ол кезде диктормен жұмысты енді бастап жатқан едім. Сөйтіп, ең бірінші шақыруды өз дауысыммен жазып, видеоны бір күн жасап, сол кісіге жібердім. Әр нәрсені бастағанда қорқыныш болады ғой. Аллаға шүкір, жасап біткеннен кейін керемет көңіл-күйде болдым. Сол кезде диктормен бірге видео шақыруды 4000 теңгеге жасап берген едім. Сол ағаның айтқан алғысы маған әрі қарай осы істі жалғастыруыма мотивация болды. Кейін ол кісі таныстарына айтып, солай жалғасып кетті", - деді ол.

"Шетелдік сайттардан білім алдым"

Оның айтуынша, қазір кез келген нәрсені бастауға мүмкіндік өте көп.

"Сол секілді мен де осы салаға қатысты әр жерден білім алдым. Тіпті шетелдік сайттардан да қарап, қазіргі трендте қандай бағдарламалар, жаңа өзгерістер бар - соның бәрін зерттеп шықтым. Қазақстандағы нарықтағы бәсекелестерімді де зерттедім. Сөйтіп, осы деңгейге жеттім.

Ойыма келетін идеялар көп. Дегенмен ойымдағыдай жасауға көп уақыт бола бермейді. Балаға қарасатын адам болған кезде бірден ойыма келген идеяны дайын бағдарламаға салып отырамын. Шетелдік бағдарламалардан не сайттан көргендерімді қазақилыққа үйлестіруге тырысамын", - деді ол.

Қазір Құралай менеджер және екі қызметкермен бірге жұмыс істейді.

"Өйткені мен үлгермей жатсам, тапсырыс көп болып кетсе сол кісілермен кезектесіп жасап отырамыз. Тапсырыс келген кезде ең бірінші менеджерім қабылдап алады. Тапсырыс берушімен дизайнын, форматын ақылдасамыз. Келісімге келген соң төлем жібереміз. Содан кейін келіскен уақытта тапсырысын орындаймыз", - деді ол.

"10-15 минутта дайындап береміз"

Шақыру билетті жасап біту уақыты тапсырыстың форматына байланысты болады.

"Сурет-шақыруларды дайын шаблондар болса, 10-15 минут уақытта жасап бітіреміз. Ал видео-шақыруға 20 минут, қолыңыз жаттыққан болса, одан да жылдам жасауға болады. Қазіргі уақытта жұмыстарымызды әлеуметтік желіге Instagram, TikTok- қа салып отырамыз. Бастапқыда жарнама жиі беретінмін. Қазір жарнамасыз-ақ тапсырыстар көп түседі", - деді ол.

Ол клиенттермен арадағы қызықты оқиғасын бөлісті. 

"Бірде бір кісіге анасының 60 жас мерейтойына шақырту жасадым. Тапсырыс иесіне жібергеннен соң 10  минуттан кейін анам сол шақыруды маған жіберді. "Мынау сендердің нағашыларың болады, мерейтойын тойлайын деп жатыр екен" деп айтты. Сөйтсем, тапсырыс иесі анамның алыс туыстары екен. Кейін ол кісіге хабарласып, анамның атын айтып, сол кісінің қызы екенімді жаздым. Сондай қызық жағдай басымнан өткен", - деді ол. 

"Құны 2000 теңгеден басталады"

Құралайдың айтуынша, шақыру билеттің құны 2000 теңгеден басталады.

"Шақыру билеттердің бағасы форматына байланысты болады. Мәселен сурет-шақыру 2000 теңге, видеошақыру 3500 теңге, сайт шақыру 6000 теңгеден басталады. Кезінде 5-10 жыл бұрын шақыртуды фотостудияға барып, суретке түсіретін. Сосын оны қағазға шығарып, келетін қонақтардың әрқайсысына тарататын еді. Сол шақыртуға 150-200 мыңдай ақша кетуші еді. Ал қазір бәрі өзгерді, оңайланды деп айтар едім. Ешқайда бармай-ақ, үйде отырып, 2000 теңгеге шақыру жасай аламыз. Тиімді әрі арзан бола бастады", - деді ол.

Ол клиенттердің арасында ақысын бермей кеткендер болғанын да атап өтті.

"Кез келген салада адаммен сөйлесу маңызды. Кейбір адамдар табиғатынан ашушаң болуы мүмкін. Сондай адамдармен диалог құрып білген жөн. Әрқайсысымен іс бойынша, нақтысын айтып, түсіндіру керек. Бастапқыда төлемді жасап болған соң алып жүрдім. Сондай кезде бірнеше мәселелер болды. Шақыруын алған соң ақшасын бермей кеткендер кездесті. Қазір алдымен төлем жасатып аламыз. Себебі оған біраз уақытым кетеді, еңбектеніп жасаймын", - деді ол. 

"Жазда тапсырыс 2-3 есе көп түседі"

Құралай бұл кәсіптің маусымдық екенін атап өтті. Себебі жазда басқа мезгілге қарағанда тапсырыс 2-3 есе көп түседі.

"Бір күнде нақты мынадай тапсырыс түседі деп айту қиын. Күніне 9-10, кейде одан да көп түсетін кездер болады. Жарнама көп берілсе, тапсырыс та көп болады. Еліміздің әр өңірінен тапсырыстарды қабылдаймыз. Алматы, батыс өңірлерінен, орталықтан тапсырыстар жиі түседі. Негізі мұны маусымдық кәсіп деп айтар едік. Себебі көпшілік тойды жаз уақытына қарай жоспарлайды. Бұл кәсіп жазғы маусымда жақсы жүреді деп айта аламын. Әдеттегіден 2-3 есе көп тапсырыс түседі. "Тумақ бар жерде, өлмек бар" дегендей асқа, кәдеге шақыруларына кез келген уақытта тапсырыс береді", - деді ол.

Оның айтуынша, бұл кәсіп оған шабыт сыйлайды.

"Бұл кәсіп жаңа онлайн кәсіптермен танысуға мүмкіндік берді. Алған білімімді қорытып,  шақырту жасайтын курс бастауды шештім. Себебі сүйген жұмысыңды жасау екі есе ләззат сыйлайды. Бұл жұмыста маған ұнайтыны - кез келген тапсырысты қуанышпен сүйіп жасаймын. Әр тапсырыс идеясы шабыт сыйлайды, содан ләззат аламын. Болашақта командамды көбейтіп, бұдан да керемет идеяларды жүзеге асырғым келеді", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы