Тараздан жүзжылдық тарихы бар кимешек табылды

Көне Тараз шаһарынан тарихы ғасырға татитын кимешек табылды. Ерекше жаңалықты "Ұмай кимешек" жобасының авторы Ләззат Мырзаш әлеуметтік желіде бөлісті. Кимешекті қайдан және қалай тапқаны жайында ол Massaget.kz тілшісіне айтып берді.

Кимешек – қазақ әйелдеріне арналған ұлттық бас киімдердің ішіндегі ең танымалы. Ләззат Мырзаш көненің көзіндей болған кәделі киімді өзі де киіп, замандастарына кеңінен насихаттап та жүр.

"Кейінгі бес жылдан бері көне кимешектерді іздеп, зерттеп келемін. Жүзжылдық бас киімді Тараздан таптым. Иесі – 80 жастағы Гүлмира есімді жергілікті әжей. Анасынан қалған мұраны ұзақ жыл бойы сандықтың түбінде сақтап келіпті. Марқұм шешесі 80 жасқа дейін басына тастамапты. Демек, екеуінің жасын қосқанда тарихы 100 жылдан асып кетеді", - деді ол.

Ләззат Мырзаш бас киімнің сарғайғанын, бірақ кестелері дәл сол қалпында сақталғанын жеткізді.

"Кимешек бұған дейін көргендерімнен өзгеше. Астары бар. Шеке тұсы да ерекше етіп тігілген. Сыртқы матасы жібек секілді әдемі болғанмен ішкі қабаты – жазға жайлы, ыстықтатпайтын жеңіл мата. Жүз жылдан көп сақталуының себебі талай уақыт сандықта жатқан", - деді кимешек зерттеушісі.

Гүлмира әжей кейіпкерімізге анасының көзіндей болған кимешекті музейге өткізгісі келмейтінін айтқан.

Назерке Саниязова.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!