Алматы метросында жолаушыларға қауіп төніп тұрғаны рас па? (видео)

Алматы метрополитенінің тоннелінен тежегіш қалыптары табылды. Оларды метро қызметкерлері видеоға түсірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алматыдағы метрода тежегіш қалыптары түсіп жатыр. Видеоны метрополитен қызметкерлері түсірді", - деп жазылған видеода.

Видеода өздерін метро қызметкерлері деп таныстырған адамдар тежегіш қалыптың бөлшектері Райымбек, Алатау-Сайран және Алмалы-Жібек бекеттерінің аралығынан табылғанын айтады.

"Метрополитен" КМК видеодағы ескі қалыптардың бөліктері екенін және олар сапалысына ауыстырылғанын айтты.

"Бейнежазба метрополитен басшылығының тапсырмасы бойынша 7 маусымдағы №10-р өкімінің негізінде тіркеу және актілеу үшін мамандармен түсірілген. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы кәсіпорын басшылығының бастамасымен аудит сапасыз қалыптарды сатып алуды анықтады. Аудит материалдары мен қорытындысы қолданыстағы заңнама шеңберінде шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына берілді. Ал қалыптар сапалысына ауыстырылды, оларды өндіруші зауыт өтеусіз негізде ұсынды", - деп хабарлады "Метрополитен" КМК баспасөз қызметі "Tengrinews.kz"-ке.

Метрополитен әкімшілігі жолаушылардың қауіпсіздігіне ештеңе қауіп төндірмейтінін айтты.

"Метрополитен құрамдардың қауіпсіздігі мен үздіксіз жұмыс істеуіне ерекше назар аударады", - делінген хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!