Қажылыққа барған мыңнан аса адам аптаптан қаза болды: Меккеде бұған дейін қанша адам қайтыс болған?

Қажылыққа барған мыңнан аса адам аптаптан қаза болды: Меккеде бұған дейін қанша адам қайтыс болған?
Фото: ©Shutterstock

Бірнеше күн бұрын ақпарат құралдарында Меккеге қажылыққа барған адамдардың аптап ыстықтан қайтыс болғаны туралы хабарланған еді. Бүгінде қайтыс болғандардың саны мыңнан асты. Кейбір қажылық күндері қасиетті мекендегі ауа температура 50 градустан жоғары болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ulysmedia.kz" сілтеме жасап.

Алдымен Меккеге қажылыққа бара жатқан 14 адам қайтыс болғаны хабарланды. Иорданияның Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, Сауд Арабиясындағы мұсылмандық қажылық кезінде он төрт иорданиялық қаза тауып және 17 адам жоғалып кеткен. 

Кейінірек ыстықтан қаза болғандар саны 550-ден асты деген ақпарат тарады. Осыған байланысты, ҚМДБ өкілдері қазақстандық қажыларға қатысты мәлімдеме жасады. Басқарма Қазақстан қажыларының дін аман екенін хабарлады. Миссиядағы дәрігерлер тобының жетекшісі Ардақ Айтбайұлының айтуынша, медициналық орталық көмегіне 14-16 маусым күндері 703 қажы жүгінген. Олардың қатарында жүрек, қантамырлары, жоғары және төмен тыныс және асқазан-ішек аурулары, сондай-ақ басқа да (мазоль жарақаты, аллергия, конъюнктивит, т.б.) сырқат бойынша 120 қажы екі немесе бірнеше рет тексерілген.

БАҚ мәліметінше, қайтыс болғандардың жартысынан көбі тіркелмеген қажылар. Қажылық 14 маусымда басталып, бес күн бойы өтті. Оған 1,8 миллион қажы қатысқан. Мұсылмандық парызымды өтеймін деп барғандардың жаппай қырылуы жыл сайын дерлік қайталанады. Адамдардың өліміне ыстық ауа райы ғана емес, тобыр арасында қысылу да себеп болады. 

Меккеде бұған дейін қанша адам қайтыс болған?

Адамдардың өліміне ыстық ауа райы ғана емес, тобыр арасында қысылу да себеп болады. Мысалы:

  • 1990 жылы 2 шілдеде Меккеден Мина алқабына дейінгі жаяу жүргіншілер тоннелінде тобыр арасында қысылып 1426 қажы қайтыс болды;
  • 1994 жылы 23 мамырда шайтанды таспен ұру кезінде кем дегенде 270 қажы қаза тапты;
  • 1998 жылы 9 сәуірде Джамрат көпірінде 118 адам қаза тауып, 180 адам жарақат алды;
  • 2001 жылы 5 наурызда шайтанды таспен ұру рәсімі кезінде 35 адам қайтыс болды;
  • 2003 жылы 11 ақпанда жоғарыда аталған рәсім кезінде 14 қажы қайтыс болды;
  • 2004 жылы 1 ақпанда шайтанды ұрып-соғу кезінде Мина алқабында 251 адам қаза тауып, тағы 244 адам жарақат алды;
  • 2006 жылы 12 қаңтарда Мина алқабындағы қажылықтың соңғы күнінде шайтанды таспен ұру кезінде көпірге тым көп адам келіп, тағы да адам өлімі болды. Салдарынан 346 қажы қаза тауып, кем дегенде 289 адам жарақат алды. Осы кезде рәсімді бір уақытта 2 миллионға жуық адам жасаған;
  • 2015 жылы 24 қыркүйекте Меккеде мыңдаған адам қаза тапты. Сауд Арабиясының ресми органдары мен түрлі бұқаралық ақпарат құралдары олардың нақты санын әртүрлі хабарлады, бірақ шамамен 2400-ден астам адам туралы қайтыс болған.
  • Ресми мәліметтерге сәйкес, 2006 жылы желтоқсанның басында 243 қажы қайтыс болды. Адамдарда аптап ыстықтан, қарт жаста болғандықтан, денсаулықтың нашарлауы мен стресстің әсерінен жүрек мәселесі туындаған. Осы қажылық аяқталғаннан кейін Нигерия үкіметі осы себеппен 33 азаматының қайтыс болғанын мәлімдеді.

Қайтыс болғандардың мәйітін не істейді?

Негізі қайтыс болған адамның денесін не істеу керегін марқұмның туыстары шешеді. Дегенмен кісінің жақындары көбінесе оны Меккеде жерлеуді шешеді. Өйткені қажылық кезінде қаза тапқан адамның денесін елге қайтаруға біршама уақыт кетеді (1 айдан астам), ал мұсылмандық әдет-ғұрып бойынша, қайтыс болған адам мейлінше тезірек жерленуі тиіс.

Меккеде қайтыс болған адамның жаны жәннатта болады деген ұғым қаншалық рас?

ҚМДБ "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының айтуынша, қоғамда "Меккеде қайтыс болған адамның жаны жәннатта болады" деген пікірдің қалыптасуына маңызды негіз бар.

"Меккеде қайтыс болған адамның жаны жәннатта болады деген хадис бар. Бірақ бұл "жаным жәннатта болсын" деп өзін-өзі өлтіру керек деген сөз емес. Кісі Алланың қалауымен, ажалы келіп қажылық кезінде қайтыс болса, жаны жәннатта болады", - деп түсіндірді ол Massaget.kz тілшісіне.

Тағы да оқи отырыңыздар: Университеттерге құжат қабылдау қашан басталады?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә