"Төсек-орындарда да жүреді". Ақтауда бүрге қаптап кетті

Ақтауда бүрге қаптап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Ата-анасы жүзін көрсетпеуді өтінген жасөспірімнің аяғын қансорғыш жәндік тас-талқан етіп шағып тастаған. Бауыр еті баласы үшін шырылдаған ана дәрігерлерге барып, ем қабылдап жатыр. Алайда денедегі жара көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Азаматтар бұған дейін бүтін бір үйге қызмет көрсететін коммуналдық мекемеге барып, бірнеше рет шағымданған.

"18 маусымда арыз жаздым. Бірақ ешқандай шара қолданған жоқ. Баламның аяғына дәрі алдық. Үш жылдан бері мәселе шешілмейді", - деді қала тұрғыны Айымгүл Бекбаева.

Бұл мәселемен тұрғындардың күресіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Олардың айтуынша, үйдің дәлізіне кіргеннен бүрге адамның үстіне өрмелейді, солай пәтер ішіне ұя салып алған. Жәндік жатар орында да жүреді екен.

"Екі апта бұрын бүрге пайда бола бастады. Екінші қабатта тұрамын. Паразиттер үйдің де ішінде жүр. Киім-кешекті күнде жуамыз. Сорақысы сол - төсек-орындарында да қаптап кетті", - деді қала тұрғыны Александрея Абраицева.

"Немерем 2 жаста. Әбден бүргеге таланып болды. Дәрігерге қаралдық, олар жұқпалы ауруханаға жатуға жіберді. Ауланы, жертөлені күн жылынған уақытта улап тастауға болмас па еді? Біздің шағым айтқанымызды күтіп отыра бере ме?" - деді қала тұрғыны Айшат Абдурахманова.

Ал үйдің тазалығына жауапты серіктестік өкілі бұл мекеннен 4 шағым түскенін, улау жұмыстары кезегі келген уақытта жасалатынын айтты. Себебі басқа үйде дезинфекциялау жұмысы жасалып жатқан көрінеді. Жауапты мекеме үлгере алмай жатқанын жеткізді.

"Біз осыған дейін 8 үйде улау жұмыстарын жүргіздік. Дизенфекция жасайтын мекемелерді де дұрыс таңдауымыз керек. Себебі кейбірінің қолданатын уы әлсіз болғандықтан екі жұмыс істеуге тура келеді. Басшылық тұрғындарға жайлы болуы үшін бар күшін жұмсап жатыр", - деді коммуналдық мекеме өкілі Салима Менгесеева.

Паразиттерді құрту жұмыстары жасалатын күн де алыс емес. Алайда азаматтар кезек күтуге наразы, жауапты мекеме жәндіктерді тезірек улауды талап етіп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!