Кісі өлтіріп алған қарт адам сотталды

Павлодарда мас күйінде адам өлтірген тұрғын сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Ол жәбірленушіні соққыға жығып, өлтіріп алған. №2 қалалық сот баспасөз қызметі мәліметінше, сот залында абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру дерегі бойынша Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.

"2023 жылғы 25 желтоқсанда сағат 23:30 шамасында Б. мас күйінде Павлодар қаласы пәтер иелері кооперативінің жертөлесінде жәбірленуші Л.-мен жанжалдасып, оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында бірнеше рет Л.-ның басынан және денесінен ұрып, тепкен", - дейді соттың баспасөз қызметі өкілдері.

Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген. Айыпталуышының әрекеті жәбірленушінің өліміне әкеп соққан. 

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық және заттай дәлелдермен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді.    

"Сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, қарт жасын, тұрғылықты жері бойынша оң сипаттамасын, сонымен қатар, қылмысты мас күйінде жасағанын ауырлататын мән-жайды ескере отырып, оған 8 жыл мерзімге қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - деп жазылған хабарламада.  

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!