"Болашақ" бағдарламасы бойынша шыққан дауға нүкте қойылды

"Болашақ" бағдарламасына қатысты дауға нүкте қойылды. Әріптесіне кепілгер боламын деп, сау басына сақина тілеп алған журналистер Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева жауапкершіліктен босатылды. Ал Ұлыбританияға кеткен Валерия Гавриленко енді мемлекет алдындағы берешегін өзі төлеуге тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Гавриленко ісі бойынша, біріншіден, орталықтың алдыңғы қызметкерлеріне қаңтардан бастап орталығымыз жайында барлық материалды құзіретті органдарға жібердік. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ресми түрде істі қайта ашты, сотқа дейінгі ізденіс жүргізілуде. Сондай-ақ кепілгерлермен бірге арнайы медиатив келісімшартқа отырдық", - дейді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрайымы Әлия Оспанова.

Сегіз жыл бұрын Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева Англияға барып оқимын деген әріптесі Валерия Гавриленконың бетін қақпай, кепілгер болуға келісім береді. "Сеніміңе селкеу түсірмеймін" деп ант-суын ішкен Гавриленко келісімді бұзып, кепілде тұрған екі пәтерді сатып, Ұлыбританияға кетіп қалған.

Халықаралық бағдарламалар орталығымен келісімшартқа сәйкес, стипендиант шартты бұзған жағдайда кепілгер оқу ақысын төлеуге міндеттеледі. Осылайша екі ортада шыр-пыр болған қос журналист президенттің атына үндеу жасауға мәжбүр болған. Қуанышты жаңалықты естіген кепілгерлер 8 жылдық ауыр тартыстан кейін "мойнымыздан ауыр жүк түскендей бооды" дейді.

"Төрт жылдан бері осы мәселемен жүрдік. Өмірімізге көптеген кедергі келтірді. Жағдайдың дәл осылай шешілгеніне дән ризамыз. Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымыз шексіз. Мойнымызға ілінген сома өте үлкен болды, түсініп тұрсыздар ғой, қалай жеңілдеп қалғанымызды", - дейді кепілгер Наталья Воробьева.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!