Қазақ тілінің қадірін білетін балалар

Маусымның 15-і күні таңертең Өскеменнен жолға шыққан 100 бала түс әлетінде Катонқарағай ауданына жетті. Төр Алтайдың төсіндегі жұмақ мекенде оқушыларды ауылдың меймандос отбасылары құшақ жайып қарсы алды.

Қазақ тілін тілдік ортада жүріп үйренуге келген қонақ балалар ауданның Жамбыл, Белқарағай, Өрел, Берел ауылдарында жазғы демалысты қызықты әрі мәнді өткізетін болады.

Былтыр алғаш рет қолға алынып, жақсы нәтиже берген "Қонақжай отбасы" бірегей жобасы биыл да жалғасын тапты. Еліміздің өзге өңірлерінде жоқ, Шығыста ғана жүзеге асырылатын жобаның осы маусымда жағрафиясы кеңейіп, қатысушылар саны артқан. Ерекшелігі сол, орыс тілді балаларды Катонқарағай ауданы қабылдаса, қазақ тілді балалар Риддер қаласы мен Глубокое ауданына аттанды.

Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы хабарлағандай, Катонқарағай ауданының Өрел ауылында 13 отбасы 35 баланы, Берелде 11 отбасы 32 баланы, Белқарағайда екі отбасы бес баланы қабылдаса, қалғандары Жамбыл ауылында болады.

Жобаны іске асыруға осы елді мекендерде тұратын педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері көмектеседі.

"Қонақжай отбасы" жобасына 12-14 жас аралығындағы қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушылар қатысады. Олар тілді 15 күн бойы тілдік ортада жүріп үйренеді, сол үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Бағдарламада туған өлкенің салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихы мен мол мұрасын зерделеу көзделген. Балалар саяхаттап, кітап оқып, фильмдер көріп және аудандағы киелі орындарға барады", - деп хабарлайды білім басқармасынан.

Берел ауылындағы Эрнст Тельманұлының берекелі отбасына Шемонаиха ауданынан келген балалар қоныстанды. Балғындардың көңіл-күйі жақсы, Төр Алтайдың әсем табиғатын тамашалап мәз-мейрам.

"Біз Катонқарағай ауданына алғаш рет келіп отырмыз. Мұнда келген бетте бізді жергілікті жердегі отбасылар құшақ жая қарсы алып, құрмет көрсетті. Өзімізге өте ұнайды. Осында қазақ тілін үйренуге, жаңа достар табуға, әсем табиғат аясында демалуға келдік. Осы өңірдің мәдениеті мен өнерімен де жақынырақ танысқымыз келеді. Ертең осы жердегі "Берел" музейіне саясат жасаймыз", - дейді жоба қатысушылары Татьяна Ермолаева мен Согдина Карабаева.

Берел ауылындағы Қанағат Чакиртовтың отбасына қонаққа келген Радмила Касенова Катонқарағай ауданына алғаш рет келіп тұрғанын және Алтайдың әсем табиғатына бірден ғашық болғанын айтады.

"Біздің ауылдағы мектепте ұстаздарымыз қазақ тілін жетік меңгеру қажеттілігін үнемі айтады. Сөйтіп биыл "Қонақжай отбасы" жобасы туралы біліп, соған қатысуға өзім ниет таныттым. Катонқарағай ауданына келгеніме, осы жобаға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Берел ауылы маған өте ұнады. Бізді қабылдаған үйдің адамдары да өте жақсы, ақжарқын жандар екен. Демалыс күндеріміз аяқталғанша қазақ тілін тереңірек меңгеріп алармын деген сенімдемін", - дейді Радмила.

Айта кетейік, жоба биылғы 15-30 маусым аралығында Катонқарағай, Глубокое аудандарында және Риддер қаласында жүзеге асырылады. Өскемен, Риддер қалаларынан және Алтай, Глубокое, Шемонаиха аудандарынан орыс тілді 100 бала Катонқарағайда болса, Тарбағатай мен Зайсандағы қандастардың 20 баласы Глубокое ауданы мен Риддердегі отбасыларда тұрып орыс тілін үйренеді. Нәтижесінде, оқушылардың демалыс уақытын ұтымды ұйымдастыруға, тіл үйреніп, сөздік қорды байытуға, әлеуметтік-мәдени коммуникацияны қалыптастыруға, жергілікті жердегі отбасылардың мәдениеті, дәстүрі, тарихымен танысуға мүмкіндік туады.

Материалды Шығыс Қазақстан облысының ақпарат орталығы ұсынды

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!