Енді жүк көліктері Қытайдағы ірі порттарға кедергісіз кіре алады

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" заң мақұлданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Келісім 2023 жылғы 17 қазанда Бейжіңде жасалған. Заң Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша мультимодальды тасымалдауды дамыту үшін автомобиль, теңіз және теміржол көлік түрлерінің басымдығын тиімді пайдалануға жәрдемдесу, сондай-ақ қос тараптың аумағы арқылы жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді.

Келісім Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі дамуына жол ашады.

Сонымен қатар, депутаттар "Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады.

Келісім қос тараптың Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту саласындағы ынтымақтастыққа, көлік байланысын интеграциялауға, тасымалдардың тиімділігін арттыруға, сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, Қытайдан Азияға және Азия арқылы одан әрі Еуропаға жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді.

Осыған дейін Мәжілістің жалпы отырысында көлік мининстрі Марат Қарабаев "Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімнің" маңызына тоқталған.

"Біріншіден, рұқсат беру құжатын толық цифрландыруға өткізу. Бұрын әр жылдары екі алдың арасында (жүк көліктеріне) 50 мыңдай рұқсат бердік. Бүгінде пилоттық жобаны іске асырып жатырмыз. Нәтижесінде көлік кеденге келеді. Онда бірден рұқсат беру құжатын алады. Былтыр көрсеткіш 13 мыңға, биыл 200 мыңға көбейеді. Осылайша, қос елдің арасындағы тасымал 4 есе артты.

Екіншіден, бұрынғы келісімшартқа сәйкес, тек қос елдің (жүк) көліктері кіретін. Енді Қытайдай кез келген қаласына Қазақстанның (жүк) көліктері кіре алады. Әрине, бұл біз үшін жақсы. Себебі, біздің көліктер Қытайдағы ірі порттардан жүктерді алып кете алады", - деді министр.

Сондай-ақ, ведомство басшысы келісім жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өткен.

"Қытайдың (жүк көліктері) Қазақстан аумағы арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізінен өте алады. Бұл еліміздің транзинттік әлеуетін күшейтеді. Осы уақытқа дейін Қытай осылай басқа мемлекеттің көліктеріне ішке кіруіне мүмкіндік бермеген. Бұл алғаш рет Қазақстанға беріліп отырған мүмкіндік", - деді Марат Қарабаев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз