"Атмосфераға қауіп төндіреді, тіпті жанып кетуі мүмкін". Сарапшы қытайлық электромобильдердің қаупі туралы айтты

Сарапшылар Қазақстанның автонарығында бәсекелестік артады деп болжап отыр. Елімізге 15 қытайлық бренд келмек. Сонымен қатар, сол қытайлық брендтердің үшеуі дәл осы Алматыда шығарылады. Бұған қоса, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы да қайта іске қосылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Kursiv.media.kz" сілтеме жасап.

Елімізде көлік маркаларының түрі көбейсе, авто дилерлер клиенттерді ұстап қалу үшін түрлі жеңілдіктер ойластыра бастайды. 

"2024 жылы Қазақстанға тағы бір 10-15 қытайлық бренд кіреді деп күтіледі. Әрине, бәсекелстік артады, сондықтан автокөліктердің бағасы төмендейді немесе авто дилерлік орталықтар қосымша жеңілдік, дисконт береді. Автокөлік нарығы үшін 2024 жыл жеңіл жыл болмайды", - дейді Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев. 

Елімізде арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 70 пайызы құны 5 миллион теңгеге дейінгі көлікті алғысы келеді. Құны 10 миллион теңгеден аспайтын көліктерді алатындардың қатары 50 пайыз ғана. Ал жаңа көлік алуға ниеттілер 30-35 пайыз шамасында. Жаңа көлікті алу үшін дилерлік орталыққа барып, оны ұстап, тізгіндеп көретіндердің үлесі 6-ақ пайыз.

"Қытай көліктерінің бағасы мен сапасы, коэффициенті бір-біріне жақын келеді. Сол үшін Қазақстанда сатылатын қытайлық көліктің пайызы 25 пайызға дейін өскен. Қазір Қазақстанда сатылатын әр төртінші көлік Қытай маркасы. Көп нәрсе бағаға тіреледі", - деді Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Абуев.

Қазақстанның автокөлік нарығын мониторгтеу және талдау орталығының мәліметінше, Қытайда қазір автокөлік саудасы бәсеңдеген, яғни көліктер өтпей жатыр. Сарапшы Аңсар Абуевтің айтуынша, Қытай билігі жаңа көліктердің саудасын ашу мақсатында ескі көліктің барлығын Қазақстан сияқты елдерге жіберуі мүмкін.

"Егер таңдау өте көп болса, онда сатылым түсуі мүмкін. Егер Қазақстандық тұтынушылар сонша таңдауды сатып алмаса, олар түседі", - деді Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Абуев.

Қытайдан әкелінетін көліктердің ішінде электромобильдер де бар. Алайда ол көліктің бәрі жайлы, жылы, эко, жасыл емес, себебі оның батареясы тозса, атмосфераға қауіп төндіреді, тіпті жанып кетуі де ықтимал. 

"Негізі қазіргі таңда батареяларды утиль жасау әлем бойынша мәселеге айналып отыр. Тіпті Қытайдың өзінде утиль жасайтын зауыттарға үлкен инвестиция тарту керек. Сондықтан дамыған мемлекеттің көбісіне ескі электромобильдерді өзге елген сату тиімдірек. Сондықтан біздің үкімет ескі электромобильдерді Қазақстанға кіргізбеудің жолдарын іздеу керек. Мысалы, 90-шы жылдары Еуропа, АҚШ-тан көптеген ескірген көлік әкелген болатын. Тенденция осы электромобильдерге де өтіп кетуі мүмкін деп ойлаймыз. Осыған байланысты оның алдын алу үшін халық мұны ертерек түсінуі қажет. Қазақстан өкіметі заң шығарып, құқықтық нормалармен мәселені қолға алуы керек", - дейді Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз