Астанада киім дүкеніне ұрлыққа түскен жасөспірім ұсталды

Астанада киім дүкеніне ұрлыққа түскен жасөспірім ұсталды
Фото: polisia.kz

Астанада киім дүкеніне ұрлыққа түскен жасөспірім ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Есіл ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілдері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында дүкеннен ұрлық жасады деген күдікпен 16 жастағы жасөспірімді анықтады.

Полицейлерге сауда орталығының қызметкері хабарласып, белгісіз біреу дүкеннен киім-кешектер ұрлап, жалпы құны 100 мың теңгеден астам шығын келтіргенін хабарлаған. 

Тергеу барысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің сауда залына келіп, клиент кейпінде тауарды таңдай бастағаны анықталды. Өзіне ұнаған киімдерді алып киіну бөлмесіне барып, ұрлыққа қарсы магниттерін шешіп тастаған. Содан кейін тауарды сөмкесіне салып дүкеннен шығып кеткен. 

Бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Кәмелетке толмаған жасөспірім мен заңды өкілінің қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина