СҚО-да қазылған орға құлаған жігіттің жағдайы ауыр

 СҚО-да қазылған орға құлаған жігіттің жағдайы ауыр
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

СҚО-да 20 жастағы жігіт қазылған орға құлап кеткен. Оқыс оқиға Ақжар ауданында су құбырын тарту жұмыстары кезінде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Зардап шеккен азамат ауыр халде жергілікті емханаға жеткізілген. Тексерістен кейін бірнеше жарақат алғаны анықталған науқас дереу анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Ал бір күннен кейін облыстық ауруханаға жеткізілді.

"Науқас алты күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, қарқынды терапия алды. Алты күннен кейін жағдайы тұрақталды, өздігінен тыныс алып жатыр. Есін де жиған. Науқастың жағдайы орташа ауыр. Ол пульмонология бөліміне ауыстырылды. Неврологиялық симптомдар жоқ", - деді облыстық көпсалалы аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Сергей Ишин.

Науқасқа емдік-сауықтыру жұмыстары толықтай жүргізілді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.

"11 маусымда Ақжар аудандық ауруханасына 20 жастағы ер адам келіп түсті. Ол қазылған орға құлап кеткен. Бұл дерек абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша соталды тергеп-тексерудің біріңғай тізіміне тіркелді", - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мәдина Ерғалиева.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова