Тоқаевтың баспасөз хатшысы Садықовқа жасалған шабуыл туралы: Қазақстанды айыптаудан пайда көретін күштер бар

Тоқаевтың баспасөз хатшысы Садықовқа жасалған шабуыл туралы: Қазақстанды айыптаудан пайда көретін күштер бар
Фото: facebook.com/UA.KyivPolice

Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының Киевте Айдос Садықовқа жасалған шабуылға қатысты мәлімдемесіне, сондай-ақ жәбірленушінің әйелі Наталья Садықованың тұжырымына қатыс түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Берік Уәли Наталья Садықованың "Біздің арна Президент үшін көзге шыққан сүйелдей болды" деген пікіріне қатысты түсінік берді.

"Қайдағы сүйел? Мемлекет басшысы бұл интернет ресурсты қарамайды, тіпті оған ешқашан қызығушылық танытқан да емес. Қазақстанда әртүрлі бағытта ондаған, тіпті жүздеген мұндай арна, сайттар жұмыс істейді. Бәрі өз қызметтерін атқарып жатыр. Ал аталған арнаның ешқашан еліміздің ішкі ақпараттық мәселелеріне айтарлықтай әсері болған жоқ. Оған қоса, көп адам ондай ақпарат көзінің бар екенін Киевте болған оқыс оқиғадан кейін ғана білді", - деді ол Tengrinews.kz сауалына берген жауабында.

Президенттің баспасөз хатшысының пайымдауынша, "Қазақстанға тағылған жалған айыпты ушықтыруды, еліміздің стратегиялық бағытын, соның ішінде сыртқы саясатқа қатысты ұстанымын өзгерту үшін қысым жасауды көздейтін күштер бар сияқты".

Берік Уәлидің сөзінше, қылмыс Украина аумағында жасалғандықтан, тергеуді сол елдің тиісті құрылымдары жүргізеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің құқық қорғау органдары белгіленген рәсімдерге сәйкес қосымша ақпарат алу үшін Украина тарапына сұрату жолдайды, қажет болған жағдайда жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатыса алады. Айдос Садықовқа бұған дейін тағылған айыптарға қарамастан, ол – ең алдымен, Қазақстан азаматы. Сәйкесінше, ол және оның отбасы өздерінің тиісті құқықтарын пайдалана алады. Конституцияға сәйкес олар ел аумағынан тыс жерлерде мемлекеттің қорғауында және қамқорлығында болады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовтар отбасына, егер олар келісім берсе, барлық қажетті көмек көрсетуді тиісті мемлекеттік және дипломатиялық қызметтерге тапсырды", - деді Берік Уәли.

Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді.

"Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді", - деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан