Әкімдер соттарға әлі қысым көрсетеді - депутат

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жиында депутат Үнзила Шапақ заң жобасының маңызды тұстарына тоқталды.

"Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды қайта іске қосу керегін бірнеше рет атап өтті. Саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аудару қажет. Жоғарғы сот жартыжылдық негізде мемлекеттік органдардың қызметіне олардың әкімшілік актілеріне немесе іс-әрекеттеріне шағымдану туралы талап-арыздарды сотта қарау нәтижелері бойынша белгіленген проблемалар мен кемшіліктерді анықтау тұрғысынан талдау жасайды.

Былтыр мемлекеттік органдарға қойылатын талаптардың қанағаттандырылуы 63 пайызға жетті. Ұтылудың тұрақтылығы мемлекеттік органдардың әлі де сот практикасын ескеріп, әкімшілік қызметтің біркелкілігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдамайтынын көрсетеді", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, сот практикасы азаматтар мен бизнес тарапынан негізделген шағымдарды тудыратын жергілікті атқарушы органдардың жұмысында жүйелі заңбұзушылықтардың барын көрсетеді.

"Азаматтар жүгінген кезде әкімшілік рәсімдер жүргізілмейді. Осыған байланысты ӘРПК-ні әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі жаңа міндетпен толықтыруды ұсынады. Армения, Әзербайжан, Грузия сынды мемлекеттерде бұл ереже әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру ережесі әкімшілік рәсім қағидаты деңгейінде бекітілген. Бұл халықаралық тәжірибеде бар, ал елімізде азаматтарға құқықтық қатынастардың белгілі бір саласындағы дауларды шешу тәжірибесін басшылыққа алуға мүмкіндігін береді. Осылайша әкімшілік соттағы шағымдар саны азаяды.

Талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істер бойынша экс-аумақтық соттылықты енгізу ұсынылады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тиімді әсер етеді. Жергілікті жерлердегі әкімдердің соттарға қысым көрсететіні ешкімге құпия емес қой. Сондықтан экс-аумақтық соттылық арқылы мемлекеттік органдардың әсіресе, жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тиімді әсер етеді деп санаймыз", - деді Үнзила Шапақ.

Сондай-ақ ол заң жобасы жаңа кассациялық соттардың құрылуын көздейтінін атап өтті.

"Заң жобасы бастапқыда Жоғарғы сотта қылмыстық және азаматтық істер бойынша істерді алдын ала қарауды алып тастауды ұсынды. Барлығы "жаппай кассация" қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын құрамның қарауына түсуі керек", - деді депутат.

Оның айтуынша, президенттің тапсырмасы бойынша Жоғарғы сот кәсіпкерлермен және заң қоғамдастығымен дербес кассациялық саты құру бойынша консультациялар кездесулер өткізген.

"Нәтижесінде дербес кассациялық сатының жаңа моделі ұсынылды. Сөз елордада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша 3 кассациялық сот құру туралы болып отыр. Осыған байланысты заң жобасына екінші оқылымға дейін қаралуға тиіс бірқатар түзету енгізілді", - деді Үнзила Шапақ.

Сондай-ақ депутат Снежанна Имашева Астанада кассациялық соттар құрылатынын, жұмыс тобының қарауына төмендегі ұсыныстар енгізілгенін атап өтті:

  • Кассацияға істер алдын ала қараусыз 3 судьядан тұратын алқаға тікелей түседі;
  • Кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды;
  • Сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізіледі.

"Кассациялық соттардың құрылуымен Жоғарғы соттың рөлі де өзгереді. Оның жұмысы сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталады. Сот актілерін Жоғарғы сот судьясының ұсынуы бойынша ерекше жағдайларда Жоғарғы сотта қайта қарау мүмкін болады", - деді депутат.

Бұған дейін Қазақстанда кассациялық соттардың құрылатыны хабарланған еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!