Депутат Жанарбек Әшімжанов Алматы облысы тұрғындарының жанайқайын жеткізді

Депутат Жанарбек Әшімжанов Алматы облысы тұрғындарының жанайқайын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі ел азаматтарын қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

"Бұл бағытта мемлекет басшысы тиісті мемлекеттік органдар мен қаржылық ұйымдардың алдына нақты міндеттер қойған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап шалғайдағы жұрт нәпақа мен жұмыс іздеп қалаларға ағылды. Әсіресе, Алматыға. Оңтүстік мегаполиске ағылған көш тек Жетісу аймағынан ғана емес, бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен келді. Шамасы келгендері қалаға кірді, шамасы келмегендері бала-шағасымен қала маңындағы саяжайларға орналасты. Көпшілігі жылдар бойы кісі есігінде пәтер жалдап жүр. Үсті-үстіне құйылған көші-қон саясатында жүйесіздік орын алды. Нәтижесінде араға жылдар салып әлеуметтік тауқымет бой көрсетті. Қазіргі таңда Алматы облысында баспанасыздық проблемасы күн санап үдеп келеді", - дейді депутат. 

Көші-қон ағыны мен демографиялық өсімнің әсерінен өңірдегі тұрғын үй кезегі жыл сайын 4-5 мың адамға артуда. Биылғы жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша Алматы облысында үй кезегінде тұрғандардың саны 41,2 мың адамға жетті. Дәл осы өгізаяңмен жүретін болсақ өңір аз уақытта үлкен дағдарысқа тап болады.

"Сөз жоқ, ірі қалалар мен облыс орталықтарында қолжетімді тұрғын үй салу – басым әлеуметтік міндеттердің бірі. Осы орайда, ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысын іске асыруға жалпы республика бойынша 272,0 миллиард теңге, оның ішінде Алматы облысы үшін - 11,4 миллиард теңге көзделген.

Яғни, өзге облыстар үшін тұрғын үй сатып алуға қаражат айтарлықтай жоғары бөлінді. Мәселен, Атырау – 707,6 мың халқы бар - 12,6 миллиард теңге; Ақтөбе - 942,7 мың халқы бар 13,7 миллиард теңге бөлінді; Қызылорда - 843,9 мың халқы бар 20,7 миллиард теңге; Павлодар – 753,6 халқы бар мың адамға 12,9 миллиард теңге. Жоғарыда аталған өңірлер үшін бұл қаражат 1,5 миллион халқы бар Алматы облысына қарағанда едәуір жоғары", - дейді Жанарбек Әшімжанов. 

Қарастырылған қаражат басқа өңірлермен салыстырғанда халық санына пропорционалды емес екенін атап өткен жөн, өйткені Алматы облысы әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған халық тығыз орналасқан облыс болып саналады.

"Алматы облысы халық саны (1537,9 мың адам) және халықтың әлеуметтік осал топтары азаматтарының саны (283,6 мың адам) бойынша республикада Алматы қаласы мен Түркістан облысынан кейін үшінші орында тұр.

2024 жылы 901,9 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып жатыр, оның ішінде бюджет есебінен 129,1 мың шаршы метрге 1618 пәтер (61 үй) салу жоспарланып жатыр. ҚР Үкіметінің экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары шеңберінде 2024 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы 272,0 миллиардтеңге мөлшерінде қосымша қаржыландыру есебінен тұрғын үй құрылысы көлемін ұлғайту жөніндегі шара көзделген".

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы қаражаттан Алматы облысы үшін халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтары үшін 989 пәтерді сатып алуға 16,2 миллиард теңге қолдады.

"Сондай-ақ, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы №11 бұйрығымен бекітілген Ережелердің талаптарына сәйкес келетін облыс аумағында 2 120 пәтер жеткілікті тұрғын үй бар екенін хабарлаймыз. Жоғарыда айтылғандарға байланысты өңірлер бөлінісінде республикалық бюджет қаражатынан пулды (272 миллиард теңге) қайта қарау және Алматы облысының (1,54 миллион халқы бар 700 пәтерге 11,4 миллиард теңге) қажеттілігі үшін қаржыландыруды ұлғайту, яғни қаражатты халық санына пропорционалды бөлу керек деп санаймыз.

Тұрғын үй салу және пайдалануға беру халықты өз тұрғын үйімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде халықтың әлеуметтік осал топтарының санаттарына пәтер сатып алу үшін қосымша қаржыландыру мәселесіне ықпал етуіңізді сұраймын!", - дейді Жанарбек Әшімжанов. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!