"Отбасымды, бауырларымды тексерді". Елжан Біртанов үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы айтты

"Отбасымды, бауырларымды тексерді". Елжан Біртанов үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы айтты
Фото: Видеодан алынған кадр

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "Қасқа жол" youtube-арнасына берген сұхбатында кезінде үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2020 жылы 11 қылмыстық іс қозғалған.

"Менен ілік табу үшін бәрінен іздеді ғой. Отбасымды, бауырларымды, менімен жұмыс істеген азаматтарды, бәрін тексерді. Көбін тіпті жұмыстан шығарып жіберді. Ақпаратым бойынша, 2020 жылдың аяғында түрлі деңгейде 11 қылмыстық іс қозғады. Бірақ біреуінде де ешқандай жемқорлық таппады. Себебі біздің денсаулық саласындағы кәсіби мамандардан "Біртанов қандай адам" деп сұрасаңыздар, олар бәрін айтып береді. Өйткені біз басшылыққа келген күні "ешқандай жемқорлыққа жол бермейміз" деп айтқанбыз. Дәрі-дәрмек саласындағы ұйымдарға, сақтандыру қорларына "үкімет көптеген ақша бөліп жатыр, егер бір тиын артық кетсе, антикорға сіздерді өзім апарып тапсырамын" деп айтқанмын. Содан кейін өзім бәрін бақылауда ұстап отырдым", - деді ол.

Сондай-ақ, ол өзіндік ұстанымдарын да айтып өтті.

"Мемлекеттік қызметке баратын кезде алдын ала "осындай жағдайға жеткізбеуге тырысамын" деп ойлағанмын. Себебі бұрын қалай жұмыс істедің, көп нәрсе соған байланысты ғой. Өзімде сондай ереже болды. Қабылдауыма кірген адам ешқандай зат, сыйлықпен кіруге болмайды. Тек гүл ғана алып кіруіне болады. Бұл ұсақ-түйек боп көрінгенмен, жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер ғой. Әр адам өзінің принциптерін осылай ашық көрсетіп, айтуы керек. Сол кезде ешкім де ештеңе ұсынбайды", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы