"Әкімдер жолды жасасын, болмаса отставкаға кетсін!" Атырау облысы тұрғындары шағымын айтты

Атырау облысының тұрғындары шағымын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі azh.kz-ке сілтеме жасап.

Басылымға Атырау облысындағы екі аудан тұрғындарының қолы қойылған хат түскен. Мәселенің мәні мынада: тасқын су салдарынан Атырау-Индер, Орал-Атырау тасжолдарын бұзуға тура келген, ал баламалы Махамбет-Таңдай-Х. Ерғалиев жолы жұртшылық көңілінен шығып тұрған жоқ.

29 мамырда ТЖ жедел штабы тасқын су көбеюіне байланысты Таңдай-Х. Ерғалиев жолын қалыпты сақтау үшін "ҚазАвтоЖол "ҰҚ" АҚ тонник қаптарды төсеп жатқанын хабарлап, көлік қозғалысы қалыпты екенін жеткізді. Бірақ тасқын су көп келіп, Таңдайға дейінгі 1,5 шақырым жол су астында қалса, кей жерлерде судың биіктігі 45 сантиметрге жетті. Бұл жолмен биік көліктер ғана су кешіп өтсе, аласа көліктерге қиындық туғызған болатын. 

"Су биік көліктің есігінен де асып тұр. Кілкіген көп су өте қорқынышты, жан-жағыңа қарай алмайсың. Біз күндіз ғана жүріп өткенбіз. Түнде жүру өте қауіпті болғандықтан, қара жолмен жүруге тура келді. Көліктердің бөлшектері сыр беріп, бұзылып жатыр. Көбіне судан өткен көліктің моторы істен шығып жатыр. Ал моторды жөндетуге көп ақша керек, егер жаңалай алсаң тіптен қымбатқа түседі. Қауіпті болса да осы жол қысқа, амалсыздан бастарын қатерге тігіп жүргізушілер өтіп жатыр", - дейді Марат есімді жігіт.

3 маусымда Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев жеңіл көліктер тасжолдың жанындағы қыр жолымен кідіріссіз жүріп жатқанын хабарлады. Бірақ осы жол да жергілікті халық үшін тиімді болмай тұр.

"Атырауға ҰБТ-ға төрт оқушыны алып барғанмын. Таксимен баруға тура келді, біз Атыраудан кері Индерге оралғанда жаңбыр жауып, аласа көлік балшыққа батып, шыға алмай қалды. Амал жоқ, көліктен түсуге тура келді, салмақ көбейген сайын көлік бата берді, 6-7 шақырым жаяу жүрдік. Сол күні 30 шақты автокөлік сол жолда балшықтан шыға алмай, далада қалды. Он сағат жүріп, ауылға келдік", - дейді индерлік ұстаз.

"Ең болмаса уақытша болса да қыр жолын тегістеп, жол белгілерін жасап, су шашып қойса дейсің, халықты әкімдер мүлдем ұмытқан. Науқас түгілі сау адамның жайсыз жолдан іш құрылысы қопарылып, өкпең аузыңа түскендей болып отырасың. Еріккеннен қалаға бармайды ешкім, бірі доғдырға, екіншісі шаруасы үшін барады. ҰБТ-ға баратын балалар да бар. Жаз шығып, көп адам еңбек демалысына шығып, қыдырғысы келеді. Әрине, Атырау арқылы пойызға немесе ұшаққа отырасың. Ешкім ерігіп жүрген жоқ, жолды неге жасамай отыр? Тасқын су қайтып, қалада қапшықтарды жинап жатыр, ал екі ауданның халқы тентіреп жүр, бұл не масқара?! Ең болмаса, уақытша болса да жүзбелі өткел, қайық қойса да бір шарасын алатын уақыт болды ғой... Жолдың осындай болу себебінен аудандарда кейбір азық-түлік тапшылығы сезіліп жатыр. Саудагерлер мынадай астаң-кестеңі шығып жатқан жолдан тауар тасу пайдасыз дейді. Ал Орал қаласынан әкелу тиімсіз көрінеді. Сонда айналып келгенде халық зардабын тартып жатыр", - дейді "АЖ" поштасына хабарласқандар.  

Бұрын Индерден Атырауға дейін екі сағат уақыт кетсе, бүгінде 6-7 сағатсыз жете алмайсың. Сағаты ұзарған сайын әрі жолдың жайсыздығынан такси жүргізушілері бағаны шарықтатып жіберген. Бұрын Индерден Атырауға барып келу әр адамға 4 мың болса, бүгінде баға - 12 мың теңге. Махамбет пен Атырау арасы - 6 мың, Индерден Миялы, Сағыз арқылы Атырауға жету үшін 18 мың теңге шамасындай. 

Атырау-Индер бағытындағы жол жабылғанына бір ай болды. Баламалы жолдың күйі көңілден шығып тұрған жоқ. 

"Жолды жасауды тездетсін, болмаса әкімдер отставкаға кетсін", - дейді екі ауданның ашынған жұртшылығы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!