"Боздап көзімнен жас ағып кетті". Алтынбек Қоразбаев өмірде болған оқиғаны еске алды

"Боздап көзімнен жас ағып кетті". Алтынбек Қоразбаев өмірде болған оқиғаны еске алды
Фото: ашық дереккөз

Халық әртісі, композитор, әнші Алтынбек Қоразбаев ХабарLike бағдарламасында "Қара шал" толғауының тарихын әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Композитор осы әнге қатысты өмірде болған бір оқиғаны еске алды.

"Осыдан 37 жыл бұрын "Қара шал" деген толғау жазғанмын. Бұл - өмірден алынған толғау. Осыдан он жылдай бұрын ғой деймін, мені "Хабар" арнасына қарттар үйі туралы қонаққа шақырды. Сонда Алматыдағы Момышұлы көшесіндегі қарттар үйінен бірнеше азаматты алып келді. Мен домбырамен "Қара шал" әнін орындауым керек. Журналист жігіт бір асқақалға сұрақ қойды. "Аға, үш балаңыз бар екен. Сіз неге мұнда жатсыз?" деді. "Ай, қарағым-ай, екі қызымның біреуі тұрмысқа шығып кетті, бір қызым аурушаң болды, ауруханадан көз ашпайды. Ал ұлым полковник деген дәрежеге дейін көтерілді. Қара басып, әйелінен ажырасты. Менің кемпірім қайтыс болып кетті. Жалғыз балам күндіз-түні арақ ішті. Қайтемін?! Осы жаққа әкеліп тастады, қарайтын ешкім жоқ. Жасым 80-ге жақындап қалды" деп боздап жылап отыр. Сонда журналист "зейнетақы картаңызды неғыласыз?" деді. "Бала беремін" деді. "Балаңыз арақ ішсе, оған неге бересіз?" десе, "шырағым-ау, сол балам жүрегіңді бер десе, жұлып бере қоямын" деді. Мен боздап көзімнен жас ағып кетті. Әнді жылағанымнан жөнді айта алмадым. Қандай тағдырдың тауқыметі?! Осындай мысал әңгіме көп", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова